Skip to content
Басты бет » Әкімдер сайлауына қатысқан үміткерлердің сан алуандығы

Әкімдер сайлауына қатысқан үміткерлердің сан алуандығы

Аудан әкімдерінің сайлауы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруға, уақыт талаптарына сәйкес мемлекеттік аппарат жұмысындағы тәсілдерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда сайлау әкімдер корпусының жаңаруына, мемлекеттік қызметке жаңа тұлғалардың келуіне ықпал етті. Мұның бәрі жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің одан әрі дамуына оң серпін береді, елдегі прогрессивті өзгерістерге түрткі болады.

Аудан әкімдерінің сайлауы жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі елеулі институционалдық өзгерістерге әкеледі. Ол ұзақ мерзімді перспективада мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастардың сипатын анықтайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды.

Сайлау учаскелерінің мәліметтері бойынша барлығы 164 үміткер сайлауға түскен. Оның ішінде 69 кандидатты саяси партиялардан, 95 кандидат өзін-өзі ұсыну арқылы дауысқа түсті. Тіркелген үміткерлердің орташа жасы 46,4 жасты құрайды. Үміткерлердің ең көбі 35 пен 55 жас аралығындағы азаматтарды құрайды. Ең жасы үлкен үміткер Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында – 61 жаста, ең жас үміткер Түркістан облысының Мақтаарал ауданында – 29 жаста.

Сайлауда 10 әйел кандидат тіркелді. Оның ішінде, әйелдер Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында өздерінің саяси белсенділіктерін көрсетті. Әкім лауазымына үміткерлердің ең көп саны Абай және Қарағанды облыстарында тіркелген. Негізінен, әйел кандидаттар мемлекеттік қызметте жұмыс істейді, ал олардың жасы 39-дан 59 жасқа дейінгі аралықты қамтиды.

Қуаныш Сайлау, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің аға сарапшысы