2026 жылдың 1 маусымы күні Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Нархоз университеті бірлесіп ұйымдастырған «Цифрландыру дәуіріндегі әлеуметтанулық зерттеулер: трендтер мен сын-қатерлер» атты әлеуметтанушылар форумы өз жұмысын бастады.
Форумда заманауи әлеуметтану ғылымының алдында тұрған өзекті сын-қатерлерді талқылау үшін зерттеу орталықтары мен академиялық қауымдастықтың, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшы-мамандар бас қосты. Қатысушылар зерттеу әдіснамасын, деректер сапасын, панельдік зерттеулерді дамыту, қоғамдық үдерістерді зерделеуде цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.
Форумды Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет аша отырып, қоғам өмірінің жедел цифрлануы мен технологиялық өзгерістер жағдайында әлеуметтанудың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
«Жасанды интеллект әлеуметтану саласының алдына да елеулі сын-қатерлер қойып отыр. Бүгінде әлеуметтану тек дәстүрлі сауалнамалар мен үлкен деректер жиынтығымен шектелмейді. Оның басты міндеті – деректерді түсіндіру, оларды интерпретациялау және басқарушылық шешімдер қабылдау мен бизнесті дамытуға негіз болатын қорытындылар қалыптастыру», – деді Қанат Қожахмет.
Оның пікірінше, әлеуметтік желілердің басымдылығы мен үстірт түсіндірмелердің жылдам таралуы жағдайында қоғамдық үдерістерді кәсіби талдауға және қоғамдағы өзгерістерді сапалы түсінуге деген қоғамдық сұраныс артып келеді. Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет сондай-ақ университеттегі әлеуметтанушыларды даярлау деңгейінің жоғары екенін және профессор-оқытушылар құрамының әлеуметтану ғылымын дамытуға қосып отырған елеулі үлесін атап өтті.
Форум қатысушыларына арналған алғысөзінде ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов әлеуметтану мәселелері Институт қызметінде ерекше орын алатынын және бұл бағыттың жаңа кәсіби сала еместігін атап өтті.
«Саланың қазіргі жағдайына өзіндік диагностика жүргізе отырып, әріптестерімізбен бұл мәселелерді бүкіл кәсіби қауымдастықпен бірлесіп талқылау қажет деген қорытындыға келдік. Осылайша, аталған форумды өткізу идеясы дүниеге келді. Іс-шара өтетін алаң ретінде Алматы қаласының таңдалуы кездейсоқ емес. Дәл осы жерде әлеуметтанудың болашағына қатысты кәсіби пікірталастың қозғаушы күшіне айнала алатын еліміздің ең белсенді академиялық және сарапшылық қауымдастықтарының бірі шоғырланған», – деді ҚСЗИ директоры.
Жандос Шаймарданов форумның дәстүрлі академиялық конференция ретінде емес, зерттеу орталықтары, университеттер мен талдамалық құрылымдар бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерге практикалық шешімдер әзірлеуге арналған қолданбалы алаң ретінде ойластырылғанын атап өтті.
«Бүгін біз әріптестерімізбен және сарапшылармен бірге зерттеу қызметтері, академиялық орта мен сарапшылар қауымдастығының алдында тұрған сын-қатерлерді талқылап, ортақ тәсілдерді қалыптастырып, бірлескен шешімдердің мүмкіндіктерін айқындауды көздеп отырмыз. Бұл іс-шараны дайындау барысында біздің басты міндетіміз оны барынша қолданбалы әрі барлық қатысушылар үшін пайдалы ету болды. Форум тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялық және қоғамдық сын-қатерлер жағдайында қазақстандық әлеуметтанудың болашағына қатысты ортақ көзқарас қалыптастыратын кеңістікке айналады деп сенеміз», – деп атап өтті ҚСЗИ директоры.
Форумның алғашқы панельдік сессиясы XXI ғасырдағы панельдік зерттеулердің дамуына арналды. Сессияны ҚСЗИ-ның бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Забирова жүргізді.
Пікірталасты аша отырып, ол қазіргі әлеуметтанудың терең трансформация кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда әлеуметтанулық зерттеулер бұрынғы сенімділікті қамтамасыз етіп келген дәстүрлі құралдардың жеткіліксіз болып отырғаны және жаңа тәсілдердің әлі толық әдіснамалық тұрғыдан орнықпағаны жағдайында жұмыс істеуде. Респонденттердің қатысу деңгейінің төмендеуі, олардың зерттеулерге қатысуға деген шаршауы және аудиторияға қолжетімділіктің күрделенуі зерттеу жүргізу логикасын өзгертуде. Сонымен қатар цифрлық деректер көлемі артып, жаңа талдамалық мүмкіндіктер пайда болуда. Бұл жекелеген өзгерістер емес, бүкіл зерттеу практикасының біртіндеп қайта құрылуын білдіреді», – деді Айгуль Забирова.
Сонымен қатар ол сарапшылар қауымдастығының алдында шетелдік тәжірибені тікелей түрде көшіру емес, Қазақстан қоғамының ерекшеліктеріне барынша сәйкес келетін шешімдерді іздеу міндеті тұрғанын атап өтті.
Бірінші панель аясында халықаралық сарапшылар панельдік зерттеулер жүргізудің әлемдік жетекші тәжірибелерін таныстырды.
Нидерландтағы LISS панелінің жетекшісі әрі әзірлеушісі, Centerdata зерттеу орталығының зерттеушісі Марсель Дас әлемдегі ең беделді ықтималдыққа негізделген онлайн-панельдердің бірінің тәжірибесін ұсынды. Ол іріктемені қалыптастыру қағидаттары, респонденттерді зерттеуге тұрақты түрде қатыстыру тетіктері және панельдік зерттеу деректерін мемлекеттік әкімшілік регистрлермен біріктіру тәсілдері туралы баяндады.
Спикер онлайн-зерттеулердің қарқынды дамуы жағдайында іріктеменің репрезентативтілігін қамтамасыз ету мәселелеріне, сондай-ақ респонденттердің өзін-өзі іріктеу (self-selection) және жауап бермеу (non-response) проблемаларын еңсеру әдістеріне ерекше назар аударды.
Қытайдағы отбасыларды ұзақ мерзімді зерттеудің ең ірі жобаларының бірі – China Family Panel Studies тәжірибесін Принстон университетінің әлеуметтану профессоры, CFPS жобасының ғылыми жетекшісі Ю Се ұсынды.
Өз сөзінде ол лонгитюдтік зерттеулерді құру қағидаттары, үй шаруашылықтары іріктемесін қалыптастыру ерекшеліктері және қарқынды өзгеріп жатқан қоғамдағы ұрпақаралық қатынастарды зерттеу мәселелері туралы айтып берді.
Ғалымның айтуынша, бұл зерттеу шамамен 20 мың отбасын қамтиды және ұзақ жылдар бойы әлеуметтік өзгерістердің динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Жобада деректер жинаудың дәстүрлі бетпе-бет сұхбат, телефон арқылы сауалнама және онлайн құралдар сияқты әртүрлі әдістерін үйлестіруге ерекше мән беріледі, сондай-ақ ақпаратты өңдеу және верификациялау үшін жасанды интеллект алгоритмдері қолданылады.
Форумның жұмысы 2 маусымда жалғасады. Келесі сессиялар аясында қатысушылар Қазақстандағы әлеуметтану ғылымының жай-күйін, заманауи зерттеу тәжірибелерін және қоғамның цифрлық трансформациясы жағдайында әлеуметтанулық зерттеулерді дамыту перспективаларын талқылайды. Сонымен қатар форум барысында ҚСЗИ бірқатар өздерінің талдамалық және ғылыми жарияланымдарын ұсынады.











