Skip to content
Басты бет » Аваза саммитінен кейінгі Каспий: ортақ бағалаудан келісілген іс-қимылға

Аваза саммитінен кейінгі Каспий: ортақ бағалаудан келісілген іс-қимылға

Замира Жолдасқызы

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Экономикалық саясатты талдау бөлімінің

бас сарапшысы

9 қазанда Авазада өткен Бірінші Каспий экологиялық саммиті Каспий маңы мемлекеттерінің бағалар алмасудан бірлескен шешімдер әзірлеуге көшуін көрсетті. Саммитте сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданып жатқан шаралардың әзірге жеткіліксіз екенін және теңіздің тайыздануы салдарын жеңілдету, экономикалар мен экожүйелерді болып жатқан өзгерістерге бейімдеу жөнінде келісілген іс-қимылға көшетін уақыт келгенін атап өтті. Мәселенің осылай қойылуы алдағы ынтымақтастықтың практикалық бағдарын айқындайды.

Қазақстан үшін негізгі нәтижелердің бірі – Каспий маңы мемлекеттерінің Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі Мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу туралы Қазақстан ұсынысын мақұлдауы болды. Қазақстан өз кезегінде Әзірбайжанның Каспий теңізінің тайыздануы мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссияны премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде құру туралы ұсынысын қолдады. Бұл бастамалардың ұштасуы өзара қолдау қағидатын көрсетеді: бағдарлама бірлескен жұмыстың мазмұндық негізін қалыптастырса, комиссия үкіметтік деңгейде салааралық шешімдер қабылдауға арналған алаң құрады.

Бұл қадамдардың маңызын ұлттық болжамдар да растайды. «Қазгидромет» есептеулері бойынша, 2030 жылға қарай теңіз деңгейі −29,8–29,9 м белгісіне дейін төмендеуі, ал 2050 жылға қарай −32,4–33,9 м деңгейіне жақындауы мүмкін. Ал экожүйе мен теңіз шаруашылығы үшін −28,5 м деңгейінің өзі-ақ сыни көрсеткіш болып саналады. Сондықтан Авазада мәселе тек экологиялық емес, бүкіл өңір үшін экономикалық сын-қатер екені атап өтілді.

Мемлекет басшысының сөзінде ауданы 36%-ға ұлғайған Солтүстік Аралдың тәжірибесіне ерекше орын берілді. Бұл су сапасын жақсартуға, балық қорын қалпына келтіруге және оған іргелес аумақтардың экономикасын жандандыруға мүмкіндік берді. Каспий ынтымақтастығы үшін бұл мысал символдық мәнімен ғана маңызды емес. Ол инженерлік шешімдерді табиғатқа бағдарланған тәсілмен ұштастыру, тіпті залал қайтымсыз болып көрінген жағдайда да, өлшенетін нәтижеге жеткізетінін көрсетеді. Бұл Қазақстан ұсыныстарының практикалық негізділігін арттырады: ел келіссөздерге су нысанын қалпына келтірудің сынақтан өткен үлгісімен қатысады.

Аваза саммитінен кейін Каспий күн тәртібі бірін-бірі толықтыратын бірнеше құралға сүйенеді: биыл күшіне енгеніне жиырма жыл толатын Тегеран конвенциясы, Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына қатысты Каспий маңы мемлекеттерінің 2026–2036 жылдарға арналған әзірленіп жатқан іс-қимыл жоспары, жаңа мемлекетаралық бағдарлама және үкіметаралық комиссия. Айта кетерлігі, сәуір айында-ақ Тегеран конвенциясы аясындағы диалогқа қатысушылар Іс-қимыл жоспарын ауқымдырақ ұзақ мерзімді мемлекетаралық бағдарламаға айналдыру мүмкіндігін талқылаған болатын. Авазада Қазақстан бастамасының мақұлдануы осы бағытты іс жүзінде жалғастыруға мүмкіндік береді. Ал барлық құралдың тиімділігі рөлдерді нақты бөлуге және жұмыстың жүйелілігіне байланысты болады.

Қазақстан тәсілінің ең практикалық элементі — теңіз акваториясын да, Каспийді қоректендіретін өзен бассейндерін де қамтитын перспективалы жобалардың бірыңғай топтамасын қалыптастыру туралы ұсыныс. Президент олардың мазмұнын атап өтті: су ағынын, өзен атыраулары мен сулы-батпақты алқаптарды қалпына келтіру, гидротехникалық құрылыстарды тиісті жағдайға келтіру. Қаржыландыру көздері ретінде гранттар, жеңілдетілген кредиттеу және климаттық қаржыландырудың басқа да тетіктері аталды.

Жобалық тәсіл ғылыми және цифрлық құрамдастармен толықтырылады. Президент 2024 жылы Қазақстанда құрылған Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының әлеуетін Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтарымен бірлесіп ортақ бейімделу сценарийлерін әзірлеу үшін пайдалануды, сондай-ақ спутниктік технологиялар мен жасанды интеллектіні қолданатын ортақ цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Тағы бір құрал ретінде Қазақстанда құрылып жатқан Халықаралық биоалуантүрлілік қоры қарастырылуы мүмкін. Оның бағыттарының бірі — Каспийдің сирек кездесетін түрлері мен экожүйелерін, соның ішінде саны бір ғасыр ішінде бір миллионнан 270 мыңға дейін азайған каспий итбалығын қорғау.

Қазақстан бастамасының мақұлдануы Солтүстік Аралдың тәжірибесі мен ұлттық ғылыми базаға сүйене отырып, мемлекетаралық бағдарламаның мазмұнын қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік ашады. Перспективалы бағыттардың бірі — Қазақстан жағалауындағы, әсіресе теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде және Жайық өзенінің атырауында жобалар әзірлеу. Бұл аумақтарда тайыздану айқын байқалады және «теңіз плюс өзен бассейні» тәсілін толық көлемде сынақтан өткізуге болады. Каспий күн тәртібін Атырау және Маңғыстау облыстарын ұзақ мерзімді дамыту міндеттерімен ұштастыру да маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Каспий күн тәртібі Қазақстан ілгерілетіп отырған БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасымен де табиғи түрде сабақтасады. Президент атап өткендей, су қауіпсіздігі халықаралық күн тәртібінде азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздік мәселелерімен қатар лайықты орын алуы тиіс. Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен жұмысы осы күн тәртібін өңірлік деңгейде іске асырудың айқын үлгісіне айнала алады.