Skip to content
Басты бет » Азия қауіпсіздігі: Қазақстанның институционалдық жауабы

Азия қауіпсіздігі: Қазақстанның институционалдық жауабы

Айдар Құрмашев,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Баку саммитінде сөйлеген сөзі Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру үдерісіне жаңа мазмұн берді. 2022 жылы Астанада қабылданған шешім қақтығыстардың алдын алу, технологиялық ынтымақтастық және трансшекаралық байланыстарды дамыту жөніндегі ұсыныстар арқылы нақты іске асырыла бастады. Президент АӨСШК-нің Азияға ортақ проблемаларды шешуге тікелей қатысуына мүмкіндік беретін функцияларды айқындады.

Ол атап өткен «АӨСШК рухы» мемлекеттер арасындағы айырмашылықтарды сақтай отырып, қауіпсіз әрі өркендеген Азия үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын болуды білдіреді. Қатысушылар құрамының өзі терең саяси келіспеушіліктері бар елдер арасындағы байланысты сақтауға мүмкіндік беретін алаңның құндылығын көрсетеді. Лаостың қосылуы осы форматқа деген қызығушылықтың сақталып отырғанын растайды. Президент атап өткендей, АӨСШК мемлекеттері Азия аумағының шамамен 90%-ын қамтиды және әлем халқының жартысынан астамын құрайды. Ұсынылған превентивті дипломатия тетігі тұрақты консультациялар өткізу және туындайтын тәуекелдерді уақтылы талқылау арқылы осындай ауқымды өкілдікке қосымша практикалық мән бере алар еді.

Жасанды интеллектіні АӨСШК-ның алтыншы өлшеміне айналдыру туралы ұсыныс қауіпсіздік ұғымының мазмұны өзгеріп жатқанын көрсетеді. Мемлекеттер арасындағы сенім цифрлық инфрақұрылымның қорғалуына және жаңа технологияларды қолданудың болжамдылығына барған сайын көбірек тәуелді. Сондықтан Кеңес аясында жасанды интеллектіні талқылау тәуекелдер туралы ақпарат алмасуды, жауапты пайдалану қағидаттарын келісуді және мамандар даярлауды қамтуы мүмкін. Технологиялық мүмкіндіктері әртүрлі елдер үшін мұндай жұмыс серіктестерінің іс-қимылын жақсырақ түсінуге және трансшекаралық қатерлерге бірлесіп ден қоюға жағдай жасайды.

Цифрлық ынтымақтастықтың практикалық негізін Алматыда құрылып жатқан БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) Орнықты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығы қамтамасыз ете алады. Қазақстан оны 2027 жылы ашуды, шетелдік мамандарды және өңір мемлекеттерінің тәжірибесін тартуды жоспарлап отыр. Міндеттің ауқымын Халықаралық электр байланысы одағының деректері айқын көрсетеді: 2025 жылы әлемде шамамен 2,2 млрд адам әлі де интернетті пайдаланбаған. Осындай алшақтық жағдайында озық технологияларды тарату мақсатты қолдауды қажет етеді. АӨСШК елдерінің Орталық жұмысына қатысуы цифрлық шешімдерді ұлттық жағдайларға бейімдеуді жеңілдетіп, қажетті құзыреттерге қолжетімділікті кеңейте алар еді.

АӨСШК-ның көлік байланыстылығын дамыту стратегиясының интеграциялық әлеуеті зор. Орта дәлізді, «Солтүстік – Оңтүстік» бағытын, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын және TRIPP жобасын ортақ шеңберде қарастыру туралы ұсыныс инфрақұрылымдық басымдықтарды үйлестіруге негіз қалайды. Мұндай үйлестірудің экономикалық нәтижесі елеулі болуы мүмкін. Дүниежүзілік банктің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі баяндамасына сәйкес, Орта дәлізді дамытуға салынған инвестициялар 2040 жылға қарай тоғыз елде шамамен 2 млн қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Банк бұл әлеуетті іске асыруды инфрақұрылымдық шектеулерді жоюмен және тасымал тиімділігін арттырумен байланыстырады. Осы тұрғыда АӨСШК үшін нақты жұмыс бағыты ашылады: мемлекеттерге шекаралық рәсімдерді, цифрлық құжаттарды және көлік операторларының өзара іс-қимылын үйлестіруге көмектесу. Дәл осындай шешімдер арқылы транзит бағыттар бойындағы өндіріс пен қызметтерге сұраныс қалыптастыра алады.

Президенттің су мәселесіне қатысты ұсыныстары мемлекетаралық үйлестірудің жеткіліксіздігін қозғайды. БҰҰ-ның 2024 жылғы деректеріне сәйкес, трансшекаралық су ресурстары бар 153 мемлекеттің тек 43-інде ғана қолданыстағы ынтымақтастық тетіктері осы ресурстардың кемінде 90%-ын қамтыған. Ұсынылып отырған АӨСШК Су серіктестігі технологиялар алмасуды және бірлескен зерттеулерді дамыта алар еді. БҰҰ жүйесіндегі Халықаралық су ұйымы жаһандық күш-жігерді үйлестіру жөніндегі анағұрлым ауқымды міндетті шешуге бағытталған. Бұл екі бағыт бірін-бірі толықтырады: өңірлік ынтымақтастықтың практикалық тәжірибесі халықаралық шешімдерге негіз бола алады.

Жаһандық су бастамасын ілгерілетудің өзіндік сабақтастығы бар. Тоқаев оны 2025 жылғы желтоқсанда Ашхабадта ұсынды, ал 2026 жылғы сәуірде өткен Өңірлік экологиялық саммитте халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі туралы жариялады. Қыркүйекте ол «ШЫҰ плюс» және «БРИКС плюс» форматтарына қатысушыларды бастаманы қолдауға шақырды. Баку саммитінде келесі қадам ұсынылды: бастаманы Орталық Азия елдері мен Әзірбайжанның бірлесіп ұсынуы және оған АӨСШК-ның өзге мемлекеттерінің қосылу мүмкіндігі. Менің ойымша, бұл — бастаманың тең авторларының аясын дәйекті түрде қалыптастыру. Біздің өңір үшін мұндай тәсіл трансшекаралық су пайдалану және Каспийді қорғау саласындағы өз тәжірибесін су ресурстарын халықаралық басқару жөніндегі ұсыныстарға айналдыруға мүмкіндік береді.