Skip to content
Басты бет » Ғылым күніндегі маңызды оқиғалар

Ғылым күніндегі маңызды оқиғалар

12 сәуір күні Қазақстанда Ғылым қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан аса назар аударылатын ғылымның дамуында сапалы өзгерістер байқалады.

Соңғы үш жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландырудың тұрақты өсуі байқалады. Атап айтқанда 2022 жылы қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. 2023-2025 жылдарға ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайтылады – 643 млрд теңге ғылымға инвестицияланады (2023 жылы-158,6 млрд, 2024 жылы – 244,2 млрд, 2025 жылы-240,2 млрд). Қосымша бизнес тарапынан 6,9 млрд теңгеден астам жеке қаржыландыру тартылды.

Ғылымды қаржыландыру формалары да кеңейді. Бұрын қаржыландырудың – базалық, гранттық және бағдарламалық-мақсаттық үш түрі болса, 2021 жылы төртінші түр – іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру енгізілді.

Биыл 26 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Кеңесті құру ұлттық ғылыми жүйені басқаруды жетілдіруге және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы саясатты дамытудың басымдықтарын айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеуге бағытталған.

Сондай-ақ 28 наурызда ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп әзірленген және ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешу үшін ғылымды тартуға бағытталған ҚР жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді және іске асырылуда.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін арттыру мақсатында 27 наурызда Мемлекет басшысы оны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша академия ғылыми ой орталығы және беделді құрылым ретінде әрекет етеді. Оған ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік мәртебе беріледі және ол бюджеттен қаржыландырылады.

Бүгін, 12 сәуірде Мемлекет басшысының Өкімімен QazVac әзірлеушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күнсұлу Закария Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының президенті болып тағайындалды. Ол биологиялық қауіпсіздік, биотехнология және микробиология саласындағы танымал маман.

Саладағы осы сапалы өзгерістер мемлекет үшін ғылымды дамытудың басымдығы туралы айтады. Сонымен қатар Қазақстан Үкіметінің негізгі мақсаттарының бірі білімге негізделген экономика құру болып табылады.

Әлішер Тастенов,

ҚР Президенті жанындағы

ҚСЗИ бас сарапшысы