Skip to content
Басты бет » Халық кеңесі – мемлекеттің жаңартылған институционалдық моделінің элементі

Халық кеңесі – мемлекеттің жаңартылған институционалдық моделінің элементі

Қазақстан ауқымды институционалдық трансформация қарсаңында тұр. 2026 жылғы конституциялық реформа аясында 30 жыл бойы этносаралық келісімнің негізі болып келген Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жаңа мемлекеттік институт – Халық кеңесіне айналады.

Бұл реформа қоғамдық диалогқа саяси салмақ беріп, оған қосымша заңнамалық тетіктер ұсынуға бағытталған. Бұл – реформаның басты жаңалығы. Халық кеңесі Үкіметпен тең дәрежеде Парламентке (Құрылтайға) заң жобаларын тікелей енгізу жөніндегі конституциялық құқыққа ие болады. Осылайша қоғамдық органның мәртебесі кеңесші сипаттан заң шығару үдерісіне нақты ықпал ететін субъект деңгейіне көтеріледі.

Халық кеңесі ҚХА мен Ұлттық құрылтайдың институционалдық «мұрагері» болады және олардың функцияларын біріктіреді. Ассамблея негізінен қоғамдық сипатта болған болса, жаңа орган конституциялық мәртебеге ие болады. Халық кеңесінің құрамы 126 мүшеден тұрады деп жоспарлануда. Олар үш тең квота қағидаты бойынша (әрқайсысы 42 адамнан) этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және азаматтық сектордан жасақталады. Мұндай құрылым өңірлердің, түрлі этностардың және азаматтық қоғамның белсенді өкілдерінің мүдделерін теңгерімді түрде қамтуға мүмкіндік береді.

Халық кеңесі консенсус негізінде шешім қабылдайтын алаң ретінде қызмет атқарады. Осылайша қалыптасқан шоғырланған қоғамдық ұстаным, әсіресе этносаралық келісім мәселелерінде, Құрылтай үшін заңдар қабылдау барысында маңызды бағдар болмақ.

Егер бұрын Ассамблея Парламенттегі квоталар арқылы шектеулі өкілдікке ие болса, жаңа институт түрлі этникалық топтардың өкілдерін заң шығару үдерісіне жүйелі түрде қатыстыруды көздейді және мемлекеттік органдардың жаңартылған архитектурасына кіріктіріледі.

Ассамблеяны реформалау – 2026 жылғы 15 наурызда жалпыұлттық референдумға шығарылатын Конституцияның жаңа мәтінін дайындау үдерісінің бір бөлігі.

Айдана Акесина
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы

Дайджест жаңалықтарына жазылу