Skip to content
Басты бет » Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына арналған сараптамалық семинар өтті

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына арналған сараптамалық семинар өтті

2026 жылғы 4 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында «Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы және Еуразиядағы өңірлік байланыстылық» тақырыбында сараптамалық семинар өтті.

ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов халықаралық жүйенің өзгеруі және Еуразия мемлекеттері арасындағы өзара байланыстардың артуы жағдайында Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастарын дамыту мәселелері бойынша сарапшылық диалогтың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шараның негізгі спикері ретінде Принстон университеті мен Пекин университетінің профессоры Ю Се сөз сөйледі. Ол – қазіргі Қытайды зерттеу, ҚХР-дың әлеуметтік және демографиялық дамуы мәселелері бойынша әлемдегі жетекші мамандардың бірі.

Талқылауға ҚСЗИ сарапшылары, сондай-ақ шақырылған зерттеушілер қатысты. Олардың қатарында Almaty Management University қауымдастырылған профессоры Ажар Серікқалиева, Назарбаев Университетінің ассистент-профессоры Дун Цзиян және Maqsut Narikbayev University ассистент-профессоры Нұржанат Аметбек бар.

Семинар барысында қатысушылар Қазақстан-Қытай әріптестігінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, «Белдеу және жол» бастамасы аясындағы Орталық Азияның рөліндегі өзгерістерді, сондай-ақ Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдениетаралық коммуникация мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты әртараптандыру, соның ішінде технологиялық өзара іс-қимылды, білім беру және ғылыми алмасуларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар инвестициялар мен инфрақұрылымдық жобалармен қатар, екі ел қоғамдары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететін адами байланыстардың, академиялық ынтымақтастықтың және мәдени қарым-қатынастардың маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

Дайджест жаңалықтарына жазылу