Skip to content
Басты бет » Қазақстан-Сербия ғылыми ынтымақтастығы қос елдің талдау орталықтары басшыларының кездесуі барысында жаңа серпін алды

Қазақстан-Сербия ғылыми ынтымақтастығы қос елдің талдау орталықтары басшыларының кездесуі барысында жаңа серпін алды

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Қазақстан мен Сербия талдау орталықтары арасында тығыз байланыс орнату мақсатында  Халықаралық саясат және экономика институтының Еуразиялық зерттеулер Орталығының (Сербия) басшысы Душан Пророковичпен кездесті.

Доктор Душан Пророкович сербиялық зерттеуші, саясаттанушы және публицист, халықаралық қатынастар, геосаясат, дипломатия және халықаралық қауіпсіздік саласындағы 70-тен астам ғылыми және 300-ден астам газет мақалаларының авторы. Сондай-ақ «Косово: ұлтаралық және саяси қатынастар», «Сербияның геосаясаты: ХХІ ғасырдың басындағы жағдай мен перспективалар», «Көпполярлық дәуірі» сияқты халықаралық қатынастар тақырыбындаңы бірқатар монография авторы. Сонымен қатар Душан Пророкович бақылаушы ретінде парламенттік сайлауға қатысқан.

Кездесу барысында ҚСЗИ басшысы Еркін Тұқымов Қазақстанда күні кеше парламенттік сайлау өткенін айтты. «Алдымызда экономикалық реформалар күтіп тұр. Экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік мәселелерді шешу керек. Бізге күрделі экономика қажет. Саяси және экономикалық жаңғыртуды бір мезгілде жүргізу маңызды. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан реформаларды осындай сенімді түрде жүргізуі елдің дұрыс даму жолын таңдағанын тағы бір рет растайды», – деді Е.Тұқымов.

Тараптар зерттеу тәжірибесімен алмасып, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін, балқан қауіпсіздігінің ұлтаралық қатынастар факторын, көші-қон саясатын, туризм және спорттық дипломатияны дамыту перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар қос тарап адами капитал мәселесіне жеке тоқталып, демографиялық өсуді ынталандыру, жоғары білікті кадрларды тарту, халықтың көші-қон мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.

Душан Пророкович өз кезегінде қазақстандық тарапқа кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіре отырып, 2022 жылы Халықаралық саясат және экономика институтының Еуразиялық зерттеулер Орталығы құрылғанына 76 жыл толғанын атап өтті. Сондай-ақ биыл азиялық бағытты дамыту мақсатында  бірлескен жобалар шеңберінде ҚСЗИ-мен сараптамалық ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.