Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Көшербаева авторлар ұжымымен бірге «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытуға әсер ететін факторлар» атты мақаласын NISPAcee Journal of Public Administration and Policy ғылыми журналында жариялады. Бұл журнал Scopus деректер базасында индекстеледі.
Мақалада Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің тиімділігіне әсер ететін негізгі аспектілер ішкі және сыртқы салыстырмалы талдау негізінде қарастырылған. Зерттеу екіншілік деректер мен сарапшыларға жүргізілген сауалнамаға (N=24) сүйене отырып, реформалардың табысты жүзеге асуына ықпал ететін негізгі факторларды анықтайды.
Мақала авторлары саяси ерік-жігердің мемлекеттік қызметтің заманауи моделін қалыптастырудағы шешуші рөлін атап өтеді. Бұл модель ашықтық, есептілік және тиімділік қағидаттарына негізделуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен реттеуші ортаны жақсарту салаларында қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, үдерістердің ашықтығы, еңбек жағдайлары және қызметкерлерді материалдық ынталандыру мәселелері өзекті болып отыр.
Мақалада сондай-ақ келесі маңызды факторлар қарастырылған:
- Саяси тұрақтылық және оның мемлекеттік қызметке әсері;
- Әлеуметтік факторлар, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кәсібиленуі және мемлекеттік сектордағы мансаптың тартымдылығы;
- Экономикалық және технологиялық жағдайлар.
Зерттеушілер цифрлық трансформация мен электронды үкіметті енгізу мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл үрдістер жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанымен, олар мемлекеттік қызметтің қазіргі заман талаптарына икемделуін қажет етеді.
Зерттеу Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыру үшін кешенді стратегияларды әзірлеудің маңыздылығын айқындайды.
Мақаланың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: