Skip to content
Басты бет » Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулеріндегі рөлі: Шолпан-Атадағы кездесудің маңызы

Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулеріндегі рөлі: Шолпан-Атадағы кездесудің маңызы

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы

Шолпан-Атада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті бейресми Консультативтік кездесуі аймақтық ынтымақтастықтың жаңа серпін алған кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі таңда формат тұрақты саяси диалог алаңынан практикалық мәселелерді талқылау және ортақ ұстанымдарды үйлестіру тетігіне айналып отыр.

Орталық Азиядағы тұрақтылық пен ынтымақтастықтың нығаюы Қазақстанның экономикалық дамуы мен ұзақ мерзімді мүдделерімен сәйкес келеді. Бұл үрдіс өзара сауда көрсеткіштерінен де айқын көрініс табады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері арасындағы тауар айналым 12,3 млрд долларды құрады, ал Қазақстанның аймақ елдерімен сауда көлемі 8,8 млрд долларға жетті. Аталған көрсеткіштер Қазақстанның аймақішілік сауда мен экономикалық ықпалдастықтағы маңызды рөлін көрсетеді.

Қазақстан аймақтық ынтымақтастықты Орталық Азияның орнықты дамуын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді бағыт ретінде қарастырады. Бұл ұстаным Қазақстанның ұсынысымен әзірленген Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасынан көрініс тапты.

Әзербайжанның Консультативтік кездесулер форматына қосылуы Орталық Азияның Каспий аймағымен және Оңтүстік Кавказбен байланысын күшейтіп, ынтымақтастықтың геоэкономикалық ауқымын кеңейтеді. Оның практикалық маңызы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға байланысты.

Атап айтқанда, Қазақстан мен Әзербайжан осы бағыттың негізгі буындарының бірі болып табылады. Қазақстан арқылы Орталық Азия мен Қытайдан келетін жүктер Ақтау және Құрық порттарына жеткізіліп, одан әрі Әзербайжан арқылы Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтарына шығады.

Әзербайжанның форматқа қосылуы Транскаспий бағытын екіжақты жоба шеңберінен кең аймақтық көлік жүйесінің құрамдас бөлігіне айналдырады. Бұл Орталық Азия мемлекеттеріне сыртқы нарықтарға шығу бағыттарын әртараптандыруға, ал Әзербайжанға аймақпен көліктік және сауда байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, Шолпан-Атадағы кездесу аймақтық диалогтың саяси консультациялардан нақты экономикалық және инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге бағытталған жаңа кезеңге өтіп келе жатқанын көрсетеді.