Skip to content
Басты бет » Қазіргі сайлау науқанын не ерекшелендіреді: интерактивті сауалнама нәтижелері

Қазіргі сайлау науқанын не ерекшелендіреді: интерактивті сауалнама нәтижелері

13 тамызда Алматы қаласында «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сараптамалық платформасы аясында интерактивті QR-сауалнама жүргізілді. Оған Алматыдағы кездесуге қатысушылармен қатар, өңірлердің өкілдері де қосылды.

Сауалнаманы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аккредиттеуіне сәйкес Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Сауалнама отырыс барысында сарапшылар қауымдастығының бағалауларын тікелей жинап, оларды баяндамалар мен пікірталас кезінде айтылған негізгі тезистермен салыстыруға мүмкіндік берді.

Сауалнама нәтижелерін алғашқы сессия барысында сараптамалық платформаның модераторы, саясаттанушы әрі баспагер Бақытжан Бұқарбай таныстырды.

«Сайлау науқаны туралы қазіргі әсеріңіз қандай?» деген сұраққа қатысушылардың басым бөлігі партиялар арасындағы жоғары бәсекелестікті атап өтті – 32,9%. Тағы 29,5% қатысушы жаңа тұлғалар мен көшбасшылардың пайда болғанын көрсетті.

Қатысушылардың 18,8%-ы сайлау науқаны елеулі өзгерістерсіз өтіп жатыр деп есептейді. Қоғам үшін өзекті мәселелердің талқылануын – 10,7%, азаматтардың сайлау науқанына белсенді қатысуын – 6,7% атап өтті. Ал 1,3% қатысушы өз нұсқасын ұсынды.

«Қазіргі сайлау науқаны барысында партиялардың үгіт-насихат жұмыстарына қатысты қандай әсердесіз?» – деген екінші сұрақ бойынша қатысушылардың 27,7%-ы партиялардың үгіт-насихат жұмыстары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленбейтінін айтты. Сайлаушылармен белсенді жұмыс жүргізілгенін – 20,9%, пікірсайыстардағы мазмұнды әрі әсерлі сөз сөйлеулерді – 18,2%, қызықты идеялар мен ұсыныстарды –16,2%, жарқын кандидаттар мен жаңа тұлғалардың болуын – 15,5% атап өтті. 1,4% қатысушы өз нұсқасын таңдады.

Қатысушылардың өз өңірлеріндегі үгіт-насихат науқанының қандай ерекшеліктерімен есте қалғанына арналған жеке сұрақ қойылды. Бұл жерде бірінші орынға әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген белсенді жұмыс шықты – оны респонденттердің 27,7%-ы атап өтті.

Сондай-ақ 19,1% қатысушы бұқаралық іс-шараларға, 16,3% – теледебаттарға, 12,8% – мазмұны жарқын әрі көзге түсетін үгіт материалдарына, 12,1% – сайлаушылармен жеке кездесулерге назар аударған. Үгіт-насихат науқанындағы негатив пен жанжалдарды 5,7% қатысушы атап өтсе, 6,4% өз нұсқасын ұсынды.

Төртінші сұрақ партияға дауыс беру кезінде электоралдық таңдауға барынша ықпал ететін факторларға арналды. Бірінші орында партияға деген сенім тұр – 29,1%. Партияның бағдарламасын негізгі фактор ретінде 23,9% қатысушы атады, партия ұсынған кандидаттарды – 18,7%, ал көзқарастардың жақындығын –17,9% атап өтті.

Қатысушылардың едәуір аз бөлігі партияның танымалдығын – 3,7%, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі пікірлерді – 3%, отбасы мүшелері мен таныстарының ұсыныстарын – 1,5% негізгі фактор ретінде атады. 2,2% қатысушы өз нұсқасын таңдады.

Сауалнама нәтижелері қазіргі сайлау науқанының бірнеше ерекшелігін айқындады. Олардың қатарында қатысушылар партиялар арасындағы жоғары бәсекелестікті, жаңа тұлғалардың пайда болуын және сайлаушылармен белсенді жұмысты атап өтті. Өңірлік деңгейде үгіт-насихаттың ең байқалған арнасы әлеуметтік желілер болды. Сонымен қатар бұқаралық іс-шаралар, теледебаттар және сайлаушылармен жеке кездесулер де маңызды орын алды. Бұл ретте электоралдық таңдауда партияға деген сенім, оның бағдарламасы, кандидаттар және көзқарастардың жақындығы негізгі факторларға айналып отыр.

Дайджест жаңалықтарына жазылу