2026 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Канаданың Макдональд–Лорье институтының аға ғылыми қызметкері Джонатан Миллермен кездесу өтті.
Кездесу барысында ҚСЗИ сарапшылары Миллер мырзаны институт қызметінің негізгі бағыттарымен, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның маңызы мен іске асырылу барысымен, сондай-ақ еліміздің сыртқы саяси басымдықтарымен таныстырды. Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен Қазақстанның прагматикалық әрі теңгерімді көпвекторлы дипломатияны ұстанатынын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық серіктестердің кең ауқымымен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту күрделі қазіргі жағдайда еліміздің орнықтылығын қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде Джонатан Миллер Канаданың Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын тереңдетудің маңыздылығына тоқталып, өңірдің халықаралық қауымдастық үшін стратегиялық мәні артып келе жатқанын атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы екіжақты байланыстарды нығайтудағы ғылыми-сарапшылық диалогтің маңызды рөліне ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен зерттеу жобаларын дамыту, салалық іс-шаралар өткізу және екі елдің кәсіби қауымдастықтары арасындағы өзара әрекеттестікті кеңейту жөнінде келісімге қол жеткізілді.





