Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Қазақстан мен Иранның сараптамалық ынтымақтастығы талқыланды

ҚСЗИ-да Қазақстан мен Иранның сараптамалық ынтымақтастығы талқыланды

Бүгін Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Али Акбар Джоукармен кездесу өтті.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов өз сөзінде Иранның Қазақстан үшін маңызды ел екенін атап өтті: «Барлық көршілер біз үшін маңызды, олардың арасында теңіз арқылы шекаралас Иран да бар. Қазір Қазақстанда өте маңызды саяси, экономикалық реформалар жүріп жатыр. Сондықтан Оңтүстік көршілерімізбен, оның ішінде Иранмен қарым-қатынасты дамыту біз үшін өзекті мәселе».

Институт басшысы сонымен қатар ҚСЗИ-дың 30 жылдығына орай 13-14 шілдеде ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылатын «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Форумы туралы хабарлады.

Өз кезегінде Иран елшісі Али Акбар Джоукар «талдау орталықтары» халықаралық байланыстарды құрудағы қолдау органы екенін атап өтті: «Ғылыми орталықтар ғылымға сүйенеді. Ғылым бар жерде шиеленіс деңгейі әрдайым төмендейді. Мен Иранның Қазақстан талдау орталықтарымен өзара әрекеттестігін зерттедім және оның тиісті деңгейде емес екенін көріп отырмын. Бірақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп сенімді түрде айта аламын».

Сонымен қатар келіссөз барысында тараптар Қазақстан–Иран стратегиялық әріптестігін арттыру, сараптама алмасу, іс-шара өткізу және т.б. бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері, сауда-экономикалық және транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.