Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Сингапур Республикасының Ішкі істер және Әділет министрімен кездесу өтті

ҚСЗИ-да Сингапур Республикасының Ішкі істер және Әділет министрімен кездесу өтті

15 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Сингапур Республикасының Ішкі істер және Әділет министрі Касивисванатан Шанмугаммен кездесу өтті.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов мәртебелі қонақты қарсы ала отырып, Қазақстан мен Сингапурдың тұрақты достық қарым-қатынаста екеніне назар аударды. Сондай-ақ осыдан 30 жыл бұрын таңдалған екіжақты байланыстарды дамытудағы басымдықтар әрі қарай дамитынын айтты.

Тараптар ішкі және сыртқы саясат, экономика, білім салаларындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Шанмугам мырза институттың 30 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар алдағы 13-14 шілдеде жиырмадан астам елдің жетекші әлемдік сарапшылары қатысатын Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумына қызығушылық танытты.

Іс-шара барысында қос ел өкілдері қауіпсіздіктің өзекті өңірлік және халықаралық мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады. ҚСЗИ басшысы мен Сингапурдың ішкі істер және Әділет министрі қос елдің талдау орталықтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды күшейтудегі ынтымақтастық туралы келісімге келді.