2026 жылғы 17 маусымда Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Хатшылығы ұйымдастырған Азия өңірлік ұйымдарының атқарушы құрылымдары басшыларының дөңгелек үстелі өтті. «Қауіпсіз әрі өзара байланысқан Азия үшін синергияны күшейту» тақырыбындағы іс-шара АӨСШК Хатшылығының құрылғанына 20 жыл толуына арналды.
Дөңгелек үстел барысында өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың жаңа мүмкіндіктері мен бастамалардың қайталануын азайту жолдарын қарастыру мақсатында Азиядағы көпжақты ұйымдар мен форумдардың қызметі бойынша мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов өзгеріп жатқан өңірлік және жаһандық ахуал жағдайындағы тиімді көпжақты ынтымақтастыққа төнетін сын-қатерлер талқыланған бірінші сессияда сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Азия өңірінің әлемдегі ең дамыған ұйымдар мен диалог тетіктерінің біріне ие бірегей кеңістік екенін атап өтіп, қолданыстағы институттар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Егер біз Азиядағы көптеген институттар арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтіп, сараптамалық қауымдастықтар арасындағы үйлестіруді жақсартып, институционалдық бәсекелестікке емес, нақты бірлескен жобаларға басымдық бере алсақ, барған сайын болжап білу қиындап бара жатқан халықаралық ортадағы сын-қатерлерге төтеп беруге әлдеқайда дайын боламыз», – деді Ж. Шаймарданов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар БҰҰ жүйесіндегі ұйымдардың қызметі мен басымдықтарын, сондай-ақ олардың қазіргі әлемде кездесіп отырған сын-қатерлерін талқылауға ерекше назар аударды. Сонымен қатар өңірлік және жаһандық тәуекелдер мен қауіп-қатерлердің артуы жағдайында Азия ұйымдарының атқарушы құрылымдары диалогты қолдау, сенімді нығайту және ынтымақтастықты дамыту бағытында қолданатын практикалық тәсілдер қарастырылды.




