Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директорының орынбасары «Ұлан-Батор диалогында» сөз сөйледі

ҚСЗИ директорының орынбасары «Ұлан-Батор диалогында» сөз сөйледі

2026 жылдың 4–5 маусымы күндері Моңғолия астанасында «Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік жөніндегі Ұлан-Батор диалогы» атты XI халықаралық конференция өтті. Моңғолия Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған іс-шараға 40-тан астам мемлекет пен 10 халықаралық ұйымнан шамамен 300 делегат қатысты.

Конференция жұмысына баяндамашы ретінде ҚСЗИ директорының орынбасары Даурен Әбен қатысты. Шара қатысушыларына Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батцэцэг Батмунхийн, Корея Республикасының Бірігу істері жөніндегі министрі Чон Дон Ён және БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыс пен Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша көмекшісі Мохамед Халед Хиари алғысөз арнады.

«Ұлан-Батор диалогы» 2014 жылдан бері өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылауға арналған алаң ретінде жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы шараға Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік сын-қатерлері мен бейбітшілік мүмкіндіктері, превентивті дипломатия және делдалдық тетіктері, қауіпсіздік саласындағы жаңа сын-қатер ретінде жасанды интеллект, сондай-ақ Солтүстік-Шығыс және Орталық Азия арасындағы «жасыл» энергетикалық дәліздердің перспективалары сияқты кең ауқымды мәселелер қаралды.

Даурен Әбен Солтүстік-Шығыс және Орталық Азия арасындағы өзара байланыстылықты дамытуға арналған тақырыптық сессия аясында баяндама жасады. Өз сөзінде ҚСЗИ директорының орынбасары бұл ынтымақтастық бағытын тек көлік маршруттары тұрғысынан ғана емес, цифрлық, энергетикалық, институционалдық және гуманитарлық байланыстарды қамтитын кешенді үдеріс ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.

Ол Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту тәжірибесі табысты дәліздердің тек инфрақұрылым есебінен емес, ең алдымен саяси үйлестіру, рәсімдерді үндестіру және көпдеңгейлі тұрақты ынтымақтастық желілерін қалыптастыру арқылы құрылатынын көрсететінін айтты.

Моңғолияның Орталық және Солтүстік-Шығыс Азия арасындағы табиғи көпір ретіндегі рөліне, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Трансалтай диалогы» бастамасына ерекше назар аударылды. Бұл бастама серіктестік пен ортақ жауапкершілік негізінде Еуразияны дамытуға қатысты ортақ көзқарас қалыптастыру және өңірлік өзара байланыстылықты нығайту платформасына айналуы мүмкін.

Дайджест жаңалықтарына жазылу