Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директорының Ресей елшісімен кездесуі: ынтымақтастықтың негізгі сәттері мен перспективалары

ҚСЗИ директорының Ресей елшісімен кездесуі: ынтымақтастықтың негізгі сәттері мен перспективалары

2024 жылғы 15 қаңтар күні ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында директор Еркін Тұқымовтың Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен кездесуі өтті.

Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, өзара қызығушылық тудыратын салаларда Қазақстан-Ресей қатынастарын одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

Кездесуге қатысушылар өзара әрекеттестіктің сараптамалық трегін дамытуға өзара қызығушылық танытты. Еркін Тұқымов Қазақстан мен Ресей арасындағы ақпараттық саладағы ынтымақтастықты қоса алғанда, түрлі салалардағы қатынастардың ерекше сипатын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, мемлекетаралық өзара әрекеттестік екіжақты қатынастардың дамуына зиян келтіретін жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін сараптамалық деңгейде жұмысты кеңейтуді талап етеді. «Осыған байланысты институтымыз шетелдік талдау орталықтарымен өзара әрекеттестікке көп көңіл бөледі. Мысалы, біз Е.М. Примаков ат. РҒА ӘЭХҚИ-дағы әріптестерімізбен бірге Қазақстан-Ресей сараптамалық кеңесінің (ҚРСК) жұмысын қайта құрып, бірқатар бірлескен жобаларды жоспарлап отырмыз және тұтастай алғанда бірлескен қызметтің барлық бағыттары бойынша ынтымақтастығымызға оң көзқараспен қараймыз», – деп атап өтті Е. Тұқымов.

Алексей Бородавкин ҚРСК-ті одан әрі дамытуға, оның ішінде ақпараттық-талдау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қолдау білдіріп, ҚСЗИ ұжымына табыс тіледі.