2026 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай ұйымдастырылған «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың 150-ден астам өкілін біріктірді. Конференция барысында жаңа Конституцияның саяси және құқықтық реформалардың, заң үстемдігін нығайтудың, адам құқықтарын қорғаудың және демократиялық институттарды одан әрі дамытудың негізгі іргетасы ретіндегі маңызына ерекше назар аударылды.
Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін және Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. «Қазақстан халқының ерік-жігерінің нәтижесінде еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланды. Бұл құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағдарларын айқындады», – деп атап өтті Э. Әзімова.
Талқылауға Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева қатысты. Өз сөзінде ол жаңа Конституцияның елдің одан әрі дамуының, қоғамдық келісімді нығайтудың және мемлекет пен қоғамның ұзақ мерзімді даму бағдарларын қалыптастырудың маңызды негізі екенін атап өтті.
«Конституцияның жаңартылған преамбуласы негізгі біріктіруші элемент ретінде айқындалды. Онда бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім қағидаттарының, сондай-ақ білімге, ғылымға, инновацияларға және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке бағдарланудың маңыздылығы ерекше көрсетілген», – деді А. Көшербаева.
Қатысушылар сондай-ақ конституциялық мемлекеттілікті нығайту, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, заңнаманы жетілдіру, адам құқықтарын қорғау, цифрлық құқықтарды дамыту және құқықтық мәдениетті арттыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясына ғылыми түсіндірме әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Бағдарлама аясында Үкіметтің «Инклюзивті қоғамға арналған Конституция» бастамасы шеңберінде дайындалған Қазақстан Республикасы Конституциясының Брайль қарпіндегі басылымының тұсаукесері өтті. Конференция қорытындысында жаңа Конституцияның Қазақстанның орнықты дамуы үшін берік институционалдық және құқықтық негіз қалыптастыратыны атап өтілді.





