2026 жылғы 13 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) БҰҰ-ның даму құқығы мәселесі жөніндегі Арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесу өтті. Кездесу оның Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды.
Сапардың негізгі мақсаты – елімізде даму құқығын ілгерілету бағытында қол жеткізілген нәтижелерді қарастыру және негізгі сын-қатерлерді айқындау. Сапар қорытындысы бойынша әзірленетін елдік баяндама 2026 жылғы қыркүйекте ұсынылады.
Кездесу барысында ҚСЗИ сарапшылары Деваны институт қызметінің негізгі бағыттарымен, елімізде жүргізіліп жатқан реформалармен және олардың адамның даму құқығын іске асыруға қатысты мәселелерді шешуге ықпалымен таныстырды. Азаматтық қоғам институттарының қызметіне, әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін арттыруға, сондай-ақ өзекті әлеуметтік-экономикалық және демографиялық үрдістерге ерекше назар аударылды.
ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен атап өткендей, Қазақстан ұлттық деңгейде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтасып келеді. Бұл жұмыс даму құқығын қамтамасыз етудің заңнамалық және институционалдық тетіктерін енгізуді де қамтиды.
Өз кезегінде Сурья Дева Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерге жоғары баға берді. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың ашық жүйесі қалыптасып келе жатқанын, оның аясында азаматтарға қабылданатын шешімдерге ықпал етудің нақты тетіктері ұсынылатынын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның әлеуметтік саясатқа және халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріп отырғанын оң бағалады.
БҰҰ-ның даму құқығы мәселелері жөніндегі Арнайы баяндамашысы – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі тағайындайтын тәуелсіз сарапшы. Арнайы баяндамашы өз қызметін жеке мандат негізінде атқарады және БҰҰ қызметкері болып саналмайды.






