2026 жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ қабырғасында ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Швейцарияның диалогқа жәрдемдесу және сенімді нығайту жөніндегі арнаулы өкілі Серж Руминмен кездесу өтті. Кездесуге сондай-ақ Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Кристина Хонеггер, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов және ЕҚЫҰ Хатшылығының медиацияны қолдау жөніндегі маманы Лара Грубен қатысты.
Серж Румин диалогқа жәрдемдесу және сенімді нығайту бойынша 2026 жылы бекітілген мандат аясында қандай жұмыстар атқарылғанын баяндады. Ол Қазақстанның Орталық Азияда ЕҚЫҰ бастамаларын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті.
ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен өз сөзінде ЕҚЫҰ өңірлік диалогты дамытуға қосқан үлесіне тоқталды. Ол Қазақстанның екі тарапты да қызықтыратын түрлі бағыттар бойынша ұйыммен сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Пікір алмасу барысында тараптар қақтығыстардың алдын алу және медиация, өңірлік ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар сарапшылық байланыстарды кеңейтудің, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуды жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.





