2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Венгрия халықаралық қатынастар институтының аға ғылыми қызметкері Ласло Васамен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар академиялық және сараптамалық-талдамалық ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Атап айтқанда, бірлескен зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу және бейінді іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ зерттеушілерге арналған ғылыми тағылымдамалар мен академиялық алмасулар мәселелеріне, білім беру және зерттеу бағдарламалары аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, Ласло Васа тең бас редакторы (Co-Editor-in-Chief) болып табылатын The Journal of Central Asian Studies журналының дамуына қатысты мәселелер талқыланды. Тараптар халықаралық академиялық диалогты кеңейтудің, түрлі елдерден авторлар мен рецензенттерді тартудың және Орталық Азия тақырыбындағы зерттеулердің танымалдығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар байланыстарды жалғастыруға және алдағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын пысықтауға өзара қызығушылықтарын растады.



