3 маусым күні Улан-Батор қаласында (Моңғолия) Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты мен Конрад Аденауэр атындағы герман қоры ұйымдастырған «Орталық Азия – Моңғолия» атты өңірлік конференция өтті.
Іс-шараға Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Германия және Үндістанның талдау орталықтарының өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен АӨСШК сарапшылары қатысты. ҚСЗИ атынан конференция жұмысына институт директорының орынбасары Дәурен Әбен және Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлішер Тастенов қатысты.
Конференция бағдарламасы әлемдік тәртіптің трансформациясы, Орталық Азия мен Моңғолия арасындағы өзара байланыс, жасанды интеллекттің сын-қатерлері мен мүмкіндіктері, сондай-ақ сауда саясаты мен сауда келісімдеріне арналған төрт тақырыптық сессиядан тұрды.
Өз сөзінде Дәурен Әбен Моңғолия мен Орталық Азия елдері үшін өзара байланыстылықты дамыту тек экономикалық міндет қана емес, сонымен қатар өзгермелі халықаралық жүйе жағдайында тұрақтылықты нығайтудың, сыртқы байланыстарды әртараптандырудың және стратегиялық дербестікті сақтаудың маңызды шарты екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Трансалтай диалогы» бастамасына ерекше назар аударылып, оның Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Ресей арасындағы көлік, энергетика және цифрлық байланыстарды тереңдетуге арналған перспективалы алаң екені айтылды.
Әлішер Тастенов өз баяндамасында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл өзара тауар айналымын қазіргі 133 млн АҚШ долларынан 500 млн долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл мақсатқа Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасында үш жыл мерзімге жасалған уақытша еркін сауда туралы келісім, көлік байланысын нығайту, сондай-ақ екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты күшейту ықпал ететін болады.





