Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Еуропадағы қауіпсіздік форумына қатысты

ҚСЗИ сарапшысы Еуропадағы қауіпсіздік форумына қатысты

2026 жылғы 12–13 мамыр күндері Бухарест қаласында (Румыния) Қара теңіз және Балқан өңірінің қауіпсіздігіне арналған жыл сайынғы форум өтті (Black Sea and Balkans Security Forum). Іс-шараны Румынияның жетекші талдау орталығы New Strategy Center Румыния Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Форумның пленарлық отырысын Румыния Президенті Никушор Дан ашты. Ол өз сөзінде Румыния үшін қауіпсіздік саласындағы негізгі сын-қатерлерге тоқталып, Бухарестің өңірлік және еуроатлантикалық қауіпсіздікті нығайтуға қатысты ұстанымдарын таныстырды.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Алишер Абдрешев қатысты. Көлік дәліздерін дамытуға арналған сессияда ол өңірлік және өңіраралық байланысты нығайту, көлік-логистика бағыттарын дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және геосаяси тұрақсыздық күшейген жағдайда маңызды инфрақұрылымның орнықтылығын арттыру мәселелері бойынша Қазақстанның көзқарасын ұсынды.

Форумға Еуропа, АҚШ, Таяу Шығыс және Азия елдерінен жетекші саясаткерлер мен дипломаттар, еуропалық және трансатлантикалық әскери әрі азаматтық құрылымдардың басшылары, сарапшылық, академиялық және іскерлік орта өкілдері қатысты.

Форум аясындағы талқылаулар бірнеше тақырыптық панель бойынша қатар өтті..Онда НАТО-ның бірлігі, Еуропаның стратегиялық автономиясы, Қара теңіз қауіпсіздігі, Дунай өңіріндегі көлік-логистика және энергетикалық байланысты дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект, пилотсыз жүйелер, киберқауіпсіздік және басқа да заманауи сын-қатерлер мәселелері қаралды.

Биыл қатысушылардың негізгі назары кеңейтілген Қара теңіз өңіріне аударылды. Бұл өңір қазіргі еуроатлантикалық күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылуда. Бұл тақырып халықаралық тәртіптің өзгеруі, әлемдік державалар арасындағы бәсекенің күшеюі, гибридті қауіптердің артуы, Украинадағы қақтығыстың жалғасуы және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы өзгерістер аясында ерекше өзектілікке ие.

Дайджест жаңалықтарына жазылу