Бүгінде мемлекет тиімділігі қабылданған шешім санымен емес, саяси жүйенің олардың сапасын, орнықтылығын және қоғамдық қолдауын қамтамасыз ету қабілетімен жиі бағаланады. Сондықтан соңғы жылдары Қазақстанда өкілдік, есептілік және қоғамдық қатысу тетіктерін нығайтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл өзгерістердің өзегінде жұмыс істейтін қағидалар мен институттарға сүйенетін, бағыттың сабақтастығын қамтамасыз ете алатын және халықтың түрлі топтарының мүдделерін ескеретін мемлекет құру идеясы жатыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай туралы Конституциялық заңның қабылдануы мемлекеттік басқарудың жаңа моделін дамытудағы маңызды қадам болды. Бұл жерде әңгіме заң шығарушы билікті құрылымдық тұрғыдан қайта ұйымдастыру туралы ғана емес. Шын мәнінде, қоғам мен мемлекет арасындағы неғұрлым тығыз байланысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың саяси процеске қатысуының қосымша тетіктерін қалыптастыруға тиіс өкілдіктің жаңа форматы қалыптасып отыр.
Бір қарағанда, мұндай өзгерістер азаматтардың күнделікті сұраныстарынан алыс болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл өкілді органдар арқылы кейін қоғам өмірінің қағидаларын айқындайтын шешімдер қалыптасады. Жаңа заң мемлекеттік басқару жүйесіндегі Құрылтайдың рөлін едәуір кеңейтеді. Мәселен, заң шығару қызметімен қатар, депутаттар Премьер-министрді, Вице-президентті, Конституциялық сот сотшыларын, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін қоса алғанда, бірқатар негізгі мемлекеттік лауазымдарға кандидатураларды келісуге қатысады. Сонымен қатар Үкіметтің қызметіне парламенттік бақылау тетіктері, оның ішінде министрлердің есептерін тыңдау және саяси жауапкершілік құралдарын қолдану күшейтіледі.
Әлемдік тәжірибе мемлекеттің орнықтылығы келіспеушіліктердің жоқтығымен емес, қоғамның әртүрлі мүдделер арасындағы тепе-теңдікті таба білуімен және дамудың стратегиялық басымдықтары бойынша уағдаласа алуымен қамтамасыз етілетінін көрсетеді. Құрылтай дәл осындай функцияны орындауға арналған. Ол түрлі саяси күштер, өңірлер мен қоғамдық топтар елдің болашағын талқылауға және келісілген шешімдер әзірлеуге қатыса алатын алаң қалыптастырады. Сондықтан қазіргі жағдайда Құрылтай қоғамдық диалогтың, мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтудың, сондай-ақ Қазақстанның одан әрі дамуы мәселелері бойынша жалпыұлттық консенсус қалыптастырудың негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр.
Айгерім Абдрашитова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы


