Әлемдегі әрбір мемлекеттің өз ұлттық рәміздері бар. Бұл тек зайырлы мемлекеттерге ғана емес, мемлекеттік билік діни көшбасшылардың қолында шоғырланған теократиялық елдерге де тән. Мысалы, Ватикан мен Сауд Арабиясын айтуға болады.
Барлық мұсылман елдерінің өз туы, елтаңбасы және әнұраны бар. Олардың болуының өзі дінге қайшы құбылыс ретінде қарастырылмайды.
Бұл жерде қарапайым айырмашылықты түсіну маңызды. Мемлекеттік рәміздер – табыну нысаны емес. Олар мемлекетті, оның егемендігін, тарихын және азаматтардың бірлігін білдіреді. Діндар адам үшін өзінің діни болмысын сақтай отырып, өзі өмір сүріп жатқан мемлекетті құрметтеуде ешқандай қайшылық жоқ. Патриотизм – діни рәсім емес, қоғамдағы негізгі әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі.
Қазақстан Республикасының Туына назар аударсақ, онда дінге қайшы келетін ешқандай белгі жоқ. Көк түс адалдықты, беріктікті, бірлікті және бейбітшілікке ұмтылысты білдіреді.
Күн – байлық пен молшылықтың, өмір мен қуаттың символы. Сондықтан еліміздің Туындағы күн сәулелері дән пішінінде бейнеленген. Бұл – береке мен игіліктің белгісі.
Күн астында қалықтаған қыран мемлекеттің қуатын, егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттарға және орнықты болашаққа ұмтылысын білдіреді. Еуразия көшпелілерінің дүниетанымында қыран бейнесінің орны ерекше. Ол еркіндік пен адалдық, ар-намыс пен ерлік, күш-қуат пен ой тазалығы сияқты ұғымдармен астасады.
Мемлекеттік рәміздерді – Туды, Елтаңбаны және Әнұранды құрметтеу – әр азаматтың конституциялық міндеті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Мемлекеттік рәміздерді – Туды, Елтаңбаны немесе Әнұранды қорлағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген: шамамен 13 млн теңге көлемінде айыппұл, яғни 3 000 АЕК, 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Ал мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін, мысалы, Туды немесе Елтаңбаны заңсыз пайдаланғаны, сондай-ақ Әнұранды орындау тәртібін сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл жағдайда 200 мың теңгеден астам, яғни 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Қазақстанның Туындағы күн, қыран және көк аспан – табыну нысандары емес. Олар біздің құндылықтарымызды, мәдени мұрамызды және ұлттық болмысымызды бейнелейді.
Оларды құрметтеу – өз тарихын, елін, халқын және мемлекетін құрметтеу.
Елнар Берікбаев,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы


