Skip to content
Басты бет » ОАМБКК бейресми диалогы Орталық Азиядағы стратегиялық үйлестірудің қосымша құралы ретінде

ОАМБКК бейресми диалогы Орталық Азиядағы стратегиялық үйлестірудің қосымша құралы ретінде

Алишер Тастенов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы

Осы аптада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми консультативтік кездесуі өтеді. Бұл кездесу өңір елдері көшбасшылары арасындағы тұрақты саяси диалог тәжірибесінің жалғасы болып, өзара сенім жағдайында ортақ ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылауға, сондай-ақ биылғы жылдың күзінде өтетін ОАМБКК қарсаңында ортақ ұстанымдарды келісуге мүмкіндік береді.

Сегіз жыл ішінде Консультативтік кездесулер өңірлік ынтымақтастықтың негізгі саяси тетігіне айналды. 2018 жылы Астанада өткен алғашқы саммиттен бері бұл формат қауіпсіздік, экономика, көлік, су ресурстары, энергетика және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдаудың басты алаңына айналды.

Дәл осы ОАМБКК аясында қазіргі өңірлік өзара іс-қимылдың саяси-құқықтық негізі қалыптастырылды. Оған «XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт», Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар шеңберіндегі өзара іс-қимыл тұжырымдамасы, «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперацияны дамыту тұжырымдамасы, Өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тұжырымдамасы, сондай-ақ 2026–2028 жылдарға арналған Орталық Азияның қауіпсіздік тәуекелдерінің каталогы кіреді.

2026 жылғы 1 шілдеде Түрікменстан қосылғаннан кейін өңірдің барлық бес мемлекеті «XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімінің аяқталуы ерекше маңызға ие болды. Бұл қадам Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың базалық шарттық-құқықтық архитектурасын іс жүзінде қалыптастыруды аяқтап, неғұрлым терең экономикалық және институционалдық интеграцияға көшуге мүмкіндік ашты.

Дәл бейресми кездесудің өткізілуі көпдеңгейлі саяси диалогтың қалыптасқан тәжірибесін көрсетеді. Мұндай формат мемлекет басшыларына қатаң хаттамалық шектеулерсіз өңірлік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымға келуге және жедел әрі стратегиялық сипаттағы мәселелер жөніндегі шешімдер топтамасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Халықаралық жағдайдың құбылмалылығы жоғары қазіргі кезеңде мұндай консультациялар өңірдің бірлігін сақтаудың, сондай-ақ қауіпсіздік, көлік байланыстылығы және экономикалық даму мәселелері бойынша келісілген тәсілдерді қалыптастырудың маңызды құралына айналып отыр.

Ынтымақтастықтың экономикалық өлшемі ОАМБКК басты нәтижелерінің бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі 550 млрд АҚШ долларынан асты, ал соңғы алты жыл ішінде өзара сауда көлемі іс жүзінде екі есеге жуық өсіп, 12 млрд АҚШ долларынан асты.

Бұл ретте Қазақстан өңірішілік саудада жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 8,7 млрд АҚШ долларына жетті. Өңір мемлекеттері өзара сауда көлемін 20 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды стратегиялық мақсат ретінде айқындады.

Сонымен қатар трансшекаралық индустриялық, сауда-логистикалық және өнеркәсіптік орталықтар желісі қарқынды дамып келеді. Қазақстан Қырғызстанмен бірлесіп Индустриялық сауда-логистикалық кешен жобасын іске асыруда, ал Өзбекстанмен бірге «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2025–2027 жылдарға арналған өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру жалғасуда, сондай-ақ Әзербайжанды осы үдеріске тарту перспективасын ескере отырып, өнеркәсіптік ынтымақтастықтың келесі кезеңі қалыптастырылуда..

Қазақстанның бастамасымен Орталық Азиядағы электрондық сауданы дамыту туралы келісімнің жобасы әзірленді. Бұл заманауи цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге, электрондық коммерцияны дамытуға және өңірдің бірыңғай цифрлық нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Көлік интеграциясына айрықша назар аударылуда. Басым бағыттар қатарында Орта дәлізді, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол дәлізін дамыту, сондай-ақ өңірдің Оңтүстік Азия нарықтарына шығуын қамтамасыз ете алатын Трансауған теміржол жобасын ілгерілету мәселелері сақталып отыр. Қосымша бағыт ретінде Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың бастамасымен Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың Кешенді стратегиясын әзірлеу қарастырылуда.

ОАМБКК-нің халықаралық маңызының артып келе жатқанының тағы бір дәлелі – 2025 жылғы қарашада Ташкентте өткен жетінші Консультативтік кездесу қорытындысы бойынша Әзербайжанның осы форматқа қосылуы туралы шешімнің қабылдануы болды. Қатысушылар құрамының кеңеюі Орталық Азияның өңірлік саясаттың дербес орталығы және Еуразиялық кооперацияның маңызды буыны ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.