Skip to content
Басты бет » Өмір сүру сапасын арттыру – басты міндет

Өмір сүру сапасын арттыру – басты міндет

Бүгінгі таңда әлемдік экономика да, оның ішінде Қазақстан да, пандемия мен геосаяси шиеленістің салдарын сезінуде. Қазақстанда ағымдағы 11 айда жалпы ішкі өнімнің өсімі небәрі 2,7 пайызды құраса, инфляция деңгейі 19,6 пайызға жетті. Кешенді және жан-жақты ойластырылған стратегиясыз дағдарыстың салдары тек күшейе түседі.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының өзекті бағыттары қамтылып, қысқа және орта мерзімді перспективада азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға баса назар аударылды.

Біріншіден, Президент қалалар мен ауылдардағы өмір сүру сапасын анықтаушы фактор ретінде инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігіне назар аударды. Екібастұздағы күрделі жағдай көрсеткендей, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешуді ерекше бақылауда ұстау қажет. Республикада инженерлік желілердің орташа тозуы 60%-дан астам, ал бірқатар қалаларда 80%-ға жетеді. Мәселен, әзірленіп жатқан «Инвестицияға айырбас тарифі» бағдарламасы республикадағы желілердің тозуын 20 пайыздық тармаққа төмендетуге бағытталған.

Екіншіден, инфляцияның негізгі көзі азық-түлік бағасының өсуі болып қала береді, ол 24%-дан астамға жетті. Бағаның өсуі халықтың осал топтарының өмір сүру деңгейіне барынша теріс әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті одан әрі ушықтырады. 2020 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша нақты ақшалай кіріс 11,7%-ға төмендеді. Биыл қабылданған Халық табысын арттыру бағдарламасы қайта қарауды, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа тетіктерін енгізуді талап етеді.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы ауылдық жерлерге, оларды дамытудың жаңа тәсілдерінің маңыздылығына тоқталды. Осылайша, елді өз өнімімен қамтамасыз етуді арттыратын ауыл шаруашылығы кооперациясының бағдарламасы құрылады. Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасы 700-ге жуық жаңа медициналық нысанның құрылысын және 32 аурухананы жаңғыртуды қамтиды.

Анна Альшанская,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

жетекші ғылыми қызметкері