Skip to content
Басты бет » Өңірлік жоғары оқу орындарының шетелдік әріптестерімен ынтымақтастығы. Павлодар ЖОО-дарының кейсі

Өңірлік жоғары оқу орындарының шетелдік әріптестерімен ынтымақтастығы. Павлодар ЖОО-дарының кейсі

Қазақстандық ғылымның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында халықаралық ынтымақтастықты дамыту қажеттілігі елдің тұжырымдамаларында және басқа да стратегиялық құжаттарында бірнеше рет белгіленді.

Павлодар облысының ғылым және білім саласындағы шетелдік ынтымақтастығы өңірдегі жоғары оқу орындарының жұмысы шеңберінде барынша белсенді дамып келеді.

Өңірдің ғылыми және білім беру ортасындағы шетелдік ынтымақтастығын дамытуда республикадағы ең ірі университеттердің бірі, сондай-ақ білім, ғылым және мәдениет орталықтары ретінде танылған Торайғыров университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті (бұдан әріМарғұлан университеті) жетекші рөл атқарады.

1-диаграмма. ПОҚ мен білім алушылардың сандық құрамы.

ПОҚ мен білім алушылар санындағы елеулі айырмашылық Марғұлан университетінің монопрофильділігіне байланысты, ал Торайғыров университеті бакалавриат, магистратура және PhD докторантураның 150 мамандығы бойынша мамандар даярлайды.

Халықаралық ынтымақтастық жоғары оқу орындары жұмысының негізгі бағыттарының бірі және шартты түрде мынадай бағыттар бойынша жіктеледі:

1. Өңір тұрғындарының шетелдік білімге қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту.

2. ПОҚ-ның шетелдік жоғары оқу орындарымен және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттестігі.

3. Жоғары оқу орындарының, өңірлік кәсіпорындардың және шетелдік инвесторлардың қатысуымен көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамыту.

Бірінші бағытты іске асыру ҚР ҒЖБМ академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде университет студенттеріне, шетелдік шәкіртақылық бағдарламаларға, қос дипломды білім беруді енгізуге, сондай-ақ шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасына жүзеге асырылады (1-сурет).

1-сурет. Студенттер үшін мүмкіндіктер

ҚР ҒЖБМ академиялық ұтқырлық бағдарламасы, Erasmus+, DAAD гранттары және т. б. шеңберінде студенттер шетелдік ЖОО-да бір немесе екі семестр ішінде оқудан өтуге мүмкіндік алады.

Республика Білім және ғылым министрінің шетелдік ғалымдарды тарту жөніндегі бағдарламасын іске асыру кезінде университетке әлемнің 12 елінен 20-дан астам дәріскер келді.

Қос диплом бағдарламалары бойынша Өзбекстан, Түркия және Беларусь жоғары оқу орындарымен шарттар жасалды.

Екінші бағыт академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу; докторанттардың ғылыми тағылымдамалары; еуропалық гранттық бағдарламалар шеңберінде оқыту және тағылымдамалар, сондай-ақ халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп әзірлеу барысында ПОҚ-ның шетелдік ынтымақтастығын дамытуды қамтиды.

2-сурет. ПОҚ мүмкіндіктері

Жоғары оқу орындарының шетелдік ынтымақтастығы ауқымды шарттық базаға негізделген. Жалпы Павлодар өңірінің жетекші жоғары оқу орындары шетелдік жоғары оқу орындарымен, қауымдастықтармен және ұйымдармен халықаралық ынтымақтастық туралы 400-ге жуық шартқа қол қойды.

Ынтымақтастық географиясы да кең және ТМД, Еуропа, Солтүстік Америка, Африка және Азия елдерін қамтиды.

Шетелдік ынтымақтастықтың үшінші бағыты инвестициялау бағдарламасы шеңберінде өңірдің оқу орындарының бірлескен жұмысы болып табылады. Мәселен, Павлодар облысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Үшжақты шарт ғылыми-техникалық саладағы өзара іс-қимылға және студенттердің жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тағылымдамадан өтуіне бағытталған. Инвесторлар тарапынан – «Ekibastuz Ferro Alloys» ЖШС, «Mineral Product International» және «Ақсу электро-металлургиялық зауыты». Оқу орындарының ішінде – Торайғыров университеті, Академик Қ. Сәтбаев ат. Екібастұз инженерлік-техникалық институты, Павлодар түсті металлургия жоғары колледжі және Ақсу қаласының екі колледжі.

Осылайша, Павлодар өңірінің шетелдік ынтымақтастығы оң сипатқа ие және жан-жақты бағдарланған, бірақ негізінен жоғары оқу орындарының жұмысына шоғырланған.

Сонымен қатар өңірдің жоғары өнеркәсіптік бағытына және оның шетелдік инвестициялар саласындағы жетекші позицияларына байланысты ынтымақтастықтың үшінші бағыты одан әрі дамытуды талап етеді. Ынтымақтастықтың бұл түрі перспективалы болып табылады, өйткені ол белгілі бір саланың білікті мамандарын даярлауды білдіреді. Ынтымақтастықтың бұл форматы ерекше өзектілікке ие және сұранысқа ие кадрларды даярлауға және оларды жұмысқа орналастыруға ықпал етеді.

Айжан Серікбаева,

Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Павлодар облысындағы өкілі