Skip to content
Басты бет » Парижде ҚСЗИ мен ФХҚИ басшыларының кездесуі өтті

Парижде ҚСЗИ мен ФХҚИ басшыларының кездесуі өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Париж қаласына сапары қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Француз халықаралық қатынастар институтының (ФХҚИ) басшылығы арасында сарапшылық кездесу өтті.

Кездесу барысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен ФХҚИ директоры Томас Гомар қос ел қарым-қатынасының ағымдағы күн тәртібін нақтылау, Қазақстан мен Франция арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуда сарапшылық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Сарапшылық кездесу Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің, соның ішінде саяси және әлеуметтік-экономикалық процестерді ырықтандыруды қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі реформалардың ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік берді.

Сарапшылар күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына, атап айтқанда көлік және сауда логистикасы, төмен көміртекті даму және т.б. салалардағы әріптестікті кеңейтудің жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды.

Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу бойынша және қызметкерлердің өзара тәжірибе алмасуы арқылы жүргізілетін талдаудың сапасын арттыру бойынша сындарлы ұсыныстарымен алмасты.

Айта кетейік, Франция халықаралық қатынастар институты 40 жылдан астам уақыт бойы Франциядағы ең ірі талдамалық орталықтардың бірі. Мекеме жаһандық саяси және экономикалық үрдістерді бағалау және болжаумен айналысады.