Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер үкіметтердің бірлескен әрекет ету шаралары жөнінде келісімге келуін күтпейді. Есірткі желілері, киберқылмыскерлер, адам саудасымен айналысатын топтар мен экстремистік ұйымдар көптеген институттардың әрекет ету мүмкіндігінен әлдеқайда жылдам өзгеруде. Қажет болған жағдайда мемлекеттер ынтымақтастыққа көбіне баяу келеді. Әсіресе саяси сенім деңгейі төмен немесе шектеулі болған жағдайда. Сондықтан да толық келісім болмаса да, өзара іс-қимыл халықаралық қауіпсіздік саласындағы ең құнды ресурстардың біріне айналды.
2026 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің 25 жылдығын атап өтуде және оның тәжірибесі тек терроризмге қарсы күрес тұрғысынан ғана емес, одан да кең ауқымда назар аударуға лайық. ШЫҰ 2001 жылғы маусымда Шанхай қаласында Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан тарапынан құрылды. Содан бері ол құрамына Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь кіретін 10 мүше мемлекетті біріктірген ірі еуразиялық ұйымға айналды. Ұйымның кеңеюі оны бір мезгілде алуан түрлі әрі күрделі құрылымға айналдырды.
Оның ерекшелігі – дәл осы күрделілікте жатыр. ШЫҰ-ның шынайы күші оның мүшелерінің әлемге әрдайым бірдей көзқараспен қарайтындығында емес. Олай емес. Олар ауқымы, географиялық орналасуы, саяси дәстүрлері, экономикалық мүдделері және сыртқы саясаттағы басымдықтары жағынан ерекшеленеді. Ұйымның құндылығы басқада: ол әртүрлі көзқарастағы мемлекеттердің ешқайсысы жеке өзі шеше алмайтын мәселелерді бірлесіп шешу үшін күш-жігерін үйлестіре алатын алаң қалыптастырады.
Бұл қазіргі бөлшектенген халықаралық кеңістік үшін маңызды сабақ. Көп жағдайда көпжақты ынтымақтастықтың тиімділігі толық саяси консенсусқа қол жеткізе алуымен бағаланады. Алайда шынайы өмірде мұндай келісім сирек кездеседі. Өзара іс-қимылға қол жеткізу оңайырақ әрі көбіне анағұрлым қажет. Есірткі трафигі бірнеше шекарадан өткенде, заңсыз қаржы ағындары әртүрлі юрисдикциялар арқылы қозғалғанда, ал кибершабуылдар бір елден екінші елдегі нысандарға бағытталғанда, мінсіз саяси үйлесімділікті күту өміршең стратегия бола алмайды.
ШЫҰ бастапқыда қауіпсіздік мәселелеріне, ең алдымен терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күреске басымдық бере отырып құрылды. Алайда уақыт өте келе оның күн тәртібі едәуір кеңейді. Есірткі саудасына, ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға және киберқауіптерге қарсы іс-қимыл өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудің кең ауқымды түсінігінің бір бөлігіне айналды. Бұл эволюция қарапайым шындықты көрсетеді: қазіргі сын-қатерлер өзара тығыз байланысты. Есірткі саудасы экстремистік қызметті қаржыландыруы мүмкін. Заңсыз көші-қонды қылмыстық делдалдар пайдалана алады. Киберқылмыс алаяқтыққа, адамдарды тартуға, насихат жүргізуге және ақшаны жылыстатуға ықпал етеді. Қауіпсіздік енді жекелеген бағыттардың жиынтығы емес, өзара тоғысқан тәуекелдер жүйесі болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда ШЫҰ-ның құндылығы оның күнделікті жұмысынан көрінеді. Лауазымды тұлғалардың тұрақты кездесулері, ақпарат алмасу арналары, бірлескен оқу-жаттығулар, қауіп-қатерлерді ортақ бағалау және кәсіби байланыстар саммиттердегі ауқымды декларациялардан әсері төмендеу көрінуі мүмкін. Алайда дәл осылар практикалық өзара іс-қимылдың инфрақұрылымын қалыптастырады. Сенім бір сәтте пайда болмайды. Ол тұрақты өзара әрекеттестік, болжамдылық және мәселе туындаған жағдайда шекараның арғы жағында жедел байланысуға болатын адамның бар екенін білу арқылы қалыптасады.
Бұған есірткіге қарсы күн тәртібі жақсы мысал бола алады. 2024 жылы Астанада өткен саммитте қабылданған ШЫҰ-ның 2024–2029 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стратегиясы ұйымның дәстүрлі есірткі тасымалы бағыттарына ғана емес, сондай-ақ есірткіні таратудың жаңа тәсілдеріне де ден қоюға ұмтылатынын көрсетеді. 2025 жылы өткізілген «Өрмек» («Web») халықаралық есірткіге қарсы операциясы интернет-ресурстар мен виртуалды төлем жүйелерін есірткі саудасында пайдаланудың жолын кесуге бағытталды. Бұл анағұрлым кең үрдісті көрсетеді: қылмыстық желілер цифрлық кеңістікті барған сайын белсенді игеруде. Сондықтан құқық қорғау органдары жылдамырақ әрі тиімдірек әрекет етіп, заманауи технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануы қажет.
Бұл тәжірибе тек Еуразия үшін ғана өзекті емес. Еуропа, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка көші-қон қысымы, шекараларды басқару проблемалары, қылмыстық желілердің қызметі және цифрлық осалдықтардың өзіндік үйлесімімен бетпе-бет келіп отыр. ШЫҰ моделін басқа өңірлерде механикалық түрде көшіруге болмайды. Институттар тарихтың, географияның және саяси мәдениеттің ықпалымен қалыптасады. Алайда ашық коммуникация арналарының сақталуына, практикалық ынтымақтастықты кең саяси келіспеушіліктерден ажыратуға және консенсус болмаған жағдайда да ортақ тәуекелдерге назар аударуға негізделген тәсіл мұқият зерделеуге лайық.
Бұл тәсіл қауіпсіздік пен гуманитарлық саясат мәселелері тоғысатын тұстарда ерекше маңызға ие. Мысалы, көші-қонды тек қауіп ретінде қарастыруға болмайды. Көптеген адамдар соғыс, кедейлік, климаттық өзгерістер немесе қауіпсіздік іздеу себептерімен қоныс аударады. Сонымен бірге қылмыстық топтар мұндай көші-қон ағындарын өз мақсаттарына пайдаланып, адамдардың осалдығын пайда көзіне айналдырады. Сондықтан жауапты саясат гуманитарлық қағидаттарды контрабандашылар желілеріне, жалған құжаттарға, заңсыз қаржыландыруға және цифрлық вербовкаға қарсы күрестегі неғұрлым тығыз өзара іс-қимылмен ұштастыруы тиіс. Мұндай тепе-теңдікке бір ғана мемлекеттің күшімен қол жеткізу мүмкін емес.
Өзінің 25 жылдығына ШЫҰ мінсіз бірліктің үлгісі ретінде емес, басқарылатын әртүрліліктің үлгісі ретінде келіп отыр. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрінде бірдей пікір болуы міндетті емес, алайда олар барлығына ортақ қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп әрекет ете алады. Мүмкін, ұйымның әлемдік қауымдастыққа жолдайтын басты практикалық үндеуі де осы болар.
Желілік қауіп-қатерлер дәуірінде үйлестіру – техникалық деталь емес, стратегиялық ресурс. Консенсус құптарлық нәрсе болғанымен, ортақ сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауда бірлесіп әрекет ету қабілеті таптырмас шарт болып қала береді.
Санат Көшкімбаев,
ҚР Президенті жанындағы
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының
бас ғылыми қызметкері


