Skip to content
Басты бет » Зайдель қорының өңірлік өкілімен кездесу

Зайдель қорының өңірлік өкілімен кездесу

2026 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында Орталық Азиядағы Ханнс Зайдель қоры жобасының жетекшісі Константин Блашкемен кездесу өтті.

Кездесу барысында қонақ институт қызметінің негізгі бағыттарымен және зерттеу басымдықтарымен танысты. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, жаһандық және өңірлік дамудың заманауи үрдістерін талқылап, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және сараптамалық диалогты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ «Орталық Азия – Еуропалық одақ» және «Қазақстан – Германия» форматтарындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.

Константин Блашке Ханнс Зайдель қоры мен ҚСЗИ арасында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды іске асыру және сараптамалық іс-шаралар өткізу арқылы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді. Өз кезегінде ҚСЗИ директорының орынбасары Даурен Әбен институт пен қор арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, халықаралық серіктестік байланыстарды дамыту ҚСЗИ-дің сараптамалық-талдамалық қызметінің маңызды бағыты екенін жеткізді.

Ханнс Зайдель қоры 1967 жылы құрылған, Баварияның бұрынғы премьер-министрі әрі «Христиандық-әлеуметтік одақ» саяси партиясының төрағасы Ханнс Зайдельдің есімімен аталған. Қор саяси білім беру және мемлекеттік басқару салаларында Христиандық-әлеуметтік одақпен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Ұйым Орталық Азияда 2000-жылдардың басынан бері қызмет етіп келеді және орталық және жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің, парламенттік құрылымдардың, сондай-ақ азаматтық қоғам ұйымдарының институционалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.

Дайджест жаңалықтарына жазылу