Айша Мұқашева,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы
Қазақстан Еуропамен ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Осы бағыттағы нақты мазмұнға ие салалардың бірі – жасанды интеллект. Сарапшылық тұрғыдан алғанда, Бельгиямен бұл саладағы ынтымақтастық ауқымымен емес, мамандануымен қызықты: бельгиялық тарап дайын өнімдерді емес, зерттеу инфрақұрылымы мен білім беру саласындағы байланыстарды ұсынады.
Біріншіден. Бельгияның университеттік және ғылыми-зерттеу әлеуеті жоғары. Бұл Қазақстанға бір реттік жобалармен шектелмей, институционалдық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. «Жасанды интеллект – жоғары білім және ғылыми зерттеулер» атты Қазақстан–Бельгия ректорлар форумы аясында Антверпен, Гент, Хасселт, Лувен, Хауэст, Лёвен және Монс университеттерімен оннан астам құжатқа қол қою көзделген. Мұндай деңгейдегі өзара іс-қимыл әдетте жылдар бойы қалыптасады және орнықты академиялық негіз қалайды.
Екіншіден. Негізгі бастамалардың бірі – Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығында математика және жасанды интеллект саласындағы бірлескен AI Math Lab зертханасын ашу. Оның Еуропалық Одақтың «Horizon Europe» бағдарламасы аясында құрылуы айрықша маңызды: бұл ниет туралы меморандум ғана емес, еуропалық зерттеу бағдарламасына кіріктірілген нақты жұмыс алаңы. Қазақстан үшін бұл еуропалық зерттеу желілеріне қол жеткізуді және бірлескен жобаларға бақылаушы ретінде емес, тең құқылы қатысушы ретінде атсалысу мүмкіндігін білдіреді.
Үшіншіден. Дарынды жастармен жұмыс істеу бағыты ерекше назар аударуға тұрарлық. Alem.AI орталығында Гент университеті табыстаған, бес Нобель сыйлығы лауреатының қолтаңбасы қойылған телескопты орнату жоспарланып отыр. Ол мектеп оқушыларымен және жасанды интеллект, ғылым мен технологиялық кәсіпкерлік саласындағы дарындарды дамытатын «Alem.AI Talent Lab» бағдарламасының қатысушыларымен жұмыс істеуге арналған. Бұл жай ғана символдық қадам емес, кадрларды ерте кезеңнен даярлаудың нақты құралы. Технологиялық стратегияларда көбіне дәл осы буын әлсіз болып жатады.
Жалпы, мұндай әріптестіктің Қазақстан үшін құндылығы қол қойылған құжаттардың санында емес, жасанды интеллект саласында отандық зерттеу базасын қалыптастыруында. «Университеттер – Horizon Europe аясындағы зертхана – дарындармен жұмыс» тізбегі дайын шешімдерді сатып алумен ғана шектелмейтін нәтижеге бағытталған: ел еуропалық зерттеу желілеріне қол жеткізіп қана қоймай, сол желілерде жұмыс істей алатын мамандарды да даярлайды. Егер бұл жүйе толыққанды іске қосылса, Қазақстан технологиялық күн тәртібінің нәтижелерін пайдаланушы ғана емес, оны қалыптастыруға қатысушы елге айнала алады.


