Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули М. Стаффтпен «елшілік сағат» форматындағы кездесу өтті.
Кездесу барысында Елші ханым Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары мен даму келешегі жөніндегі көзқарасын ортаға салды. Ол Қазақстан мен Орталық Азияның АҚШ-тың бүгінгі сыртқы саясатындағы рөлінің артып келе жатқанына, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті үрдістерге ерекше тоқталды.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Қазақстан-Америка қатынастарының өзара сыйластық пен сындарлы диалогқа негізделген стратегиялық сипатын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ экономикалық, ғылыми және мәдени-гуманитарлық бағыттарды қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бет бұрған.
Баяндамадан кейін ашық сұрақ-жауап сессиясы өтті. Оның аясында ҚСЗИ қызметкерлері АҚШ дипломатиялық миссиясының басшысымен қазіргі сыртқы саясат, өңірлік қауіпсіздік, халықаралық ынтымақтастық және басқа да өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.
«Елшілік сағат» форматы ҚСЗИ сарапшыларына дипломатиялық миссия басшыларымен тікелей кәсіби диалог құруға, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ой бөлісуге және шет мемлекеттердің сыртқы саяси басымдықтары туралы ақпаратты тікелей дереккөзден алуға мүмкіндік береді.










