Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Нархоз университеті бірлесіп ұйымдастырған «Цифрлық дәуірдегі әлеуметтанулық зерттеулер: трендтер мен сын-қатерлер» атты әлеуметтанушылар форумы аясында цифрландыру жағдайындағы қоғамдық пікірді зерделеу және заманауи зерттеу тәсілдерін дамыту мәселелеріне арналған тақырыптық сессиялар өтті.
Екінші сессияның модераторы ретінде БАӘ университетінің (UAEU) доценті, Қоғамдық пікірді зерттеу жөніндегі дүниежүзілік қауымдастықтың (WAPOR) атқарушы комитетінің мүшесі Татьяна Карабчук сөз сөйледі. Пікірталасты аша отырып, ол цифрлық трансформацияның әлеуметтану ғылымына жаңа мүмкіндіктер берумен қатар, деректер сапасы мен зерттеу әдіснамасына қойылатын талаптарды да күшейтіп отырғанын атап өтті.
Негізгі спикерлердің бірі– АҚШ-тың Висконсин–Мэдисон университетінің профессоры Теодор Гербер Орталық Азиядағы әлеуметтік стратификация мен әлеуметтік мобильділікке салыстырмалы талдауын ұсынды. Ол өңірді әлеуметтік теңсіздік мәселелеріне арналған халықаралық зерттеулерге неғұрлым белсенді түрде тарту қажеттігін атап өтіп, институттардың сапасы әлеуметтік мобильділік пен қоғамдық дамудың маңызды факторларының бірі болып қала беретінін айтты.
ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Забирова цифрлық әлеуметтануға көшу жағдайындағы әдіснамалық алғышарттар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, цифрлық іздер мен дәстүрлі сауалнамалар әлеуметтік шынайылықтың әртүрлі деңгейлерін өлшейді және өзара бірін-бірі толықтыратын құралдар ретінде қарастырылуы тиіс. Әлеуметтанулық зерттеулердің болашағы классикалық әдістерден бас тартумен емес, сауалнамаларды, цифрлық деректерді, әкімшілік статистиканы және жасанды интеллект құралдарын біріктіретін гибридті зерттеу архитектурасын қалыптастырумен байланысты.
Форумның үшінші сессиясы жаппай сауалнамалардың өзгеріп жатқан жаһандық контексіне арналды. Сессия модераторы ретінде Нархоз университетінің Гуманитарлық мектебінің директоры, әлеуметтану ғылымдарының PhD докторы Айгуль Беймишева.
Негізгі баяндамашы Татьяна Карабчук Gallup World Poll халықаралық жобасының деректері негізінде өмірге қанағаттану факторларын зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеу нәтижелері Орталық Азия елдерінде субъективті әл-ауқаттың негізгі факторлары ретінде өмір сүру деңгейі, табыс, денсаулық, әлеуметтік байланыстар және цифрлық ортаға қосылу деңгейі айқындалғанын көрсетті.
Қазақстан бойынша алынған нәтижелер ерекше қызығушылық тудырды. Зерттеуге сәйкес, интернетке қолжетімділік Қазақстанда өмірге қанағаттану деңгейіне көптеген басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым елеулі ықпал етеді, ал әлеуметтік капиталдың маңызды элементтері ретінде өзара көмек пен қоғамдық ынтымақтастық көрініс тапқан. Зерттеушінің пікірінше, бұл қазақстандық қоғамдағы жалғасып жатқан әлеуметтік және технологиялық трансформацияны көрсетеді.
Субъективті әл-ауқатты өлшеудің халықаралық тәжірибесін Люксембургтің Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институты (STATEC) директорының орынбасары Франческо Сарачини таныстырды. Ол қазіргі зерттеу күн тәртібі тек экономикалық көрсеткіштерді бағалаудан азаматтардың өмір сапасын, өмірге қанағаттануын және болашақты қабылдауын кешенді талдауға қарай біртіндеп ауысып жатқанын атап өтті.
Төртінші сессия XXI ғасырдағы қазақстандық әлеуметтану алдында тұрған сын-қатерлер мен трендтерді талқылауға арналды. Сессия модераторы – ҚСЗИ-дің қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Салтанат Ермаханова.
Сессияны аша отырып, модератор қазақстандық әлеуметтану бүгінгі таңда әдіснаманы жаңарту, деректер көздерін кеңейту және зерттеулердің мемлекеттік басқару, бизнес және әлеуметтік саясаттағы практикалық шешімдермен байланысын күшейту қажеттілігімен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті.
BRIF Research Group компаниясының президенті, Қазақстан әлеуметтанушылар академиясының академигі Александр Рузанов «Қазақстан жастары: трендтер мен болашақ бейнелері» атты зерттеу кейсін ұсынды. Ол жастарды жеке болашақ бейнелері арқылы зерттеу әдісі туралы айтып, бұл тәсіл жас адамдардың мінез-құлқын ғана емес, сонымен қатар олардың таңдауының астарындағы уәждерді, құндылықтарды және өмірлік стратегияларды түсінуге мүмкіндік беретініне тоқталды.
Зерттеу дәстүрлі түрде жас, жыныс, өңір немесе табыс деңгейі бойынша жүргізілетін сегментацияның жастар ортасындағы нақты айырмашылықтарды әрдайым толық түсіндіре бермейтінін көрсетті. Неғұрлым терең талдау жүргізу мақсатында құндылықтық топтар мен зерттеушілік «персоналар» – жастар аудиториясы өкілдерінің жинақталған бейнелері айқындалды. Спикердің айтуынша, мұндай тәсіл әлеуметтанулық деректерді коммуникациялар, білім беру бағдарламалары, бизнес және мемлекеттік басқару салаларындағы қолданбалы шешімдерге тиімді түрде бейімдеуге мүмкіндік береді.
Alvin Market зерттеу компаниялары тобының жетекшісі, Қоғамдық пікір мен нарықты кәсіби зерттеушілердің қазақстандық қауымдастығының президенті Наталья Оспанова онлайн-панельдерге балама ретінде телефон сауалнамаларын роботтандыру және CATI-to-web әдіснамасы туралы баяндама жасады.
Ол дәстүрлі далалық зерттеу әдістері бүгінде елеулі дағдарысты бастан кешіріп отырғанына тоқталды: пәтерлік және телефон арқылы жүргізілетін сауалнамалардың қолжетімділігі төмендеуде, бейтаныс нөмірлерден келетін қоңырауларға деген сенім азаюда, ал онлайн-панельдер әзірге толыққанды репрезентативтілікті қамтамасыз ете алмай отыр. Осындай жағдайда роботтандырылған қоңырауларды, операторлардың жұмысын және респонденттерді веб-сауалнамаға көшіруді үйлестіретін гибридті модельдер перспективалы бағытқа айналуда.
Наталья Оспанованың айтуынша, Қазақстанда телефон сауалнамалары өзектілігін жоғалтқан жоқ, алайда оларды жүргізу тәсілін жаңарту қажет. Роботтандыру бастапқы байланыс орнату, тілдік бағдарлау, қайта қоңырау шалуды ұйымдастыру және сауалнамаға қатысуға дайын респонденттерді іріктеу функцияларын атқара алады, ал оператор сенімді диалог құрудағы негізгі рөлін сақтап қалады.
Kazakhstan Sociology Lab әлеуметтанушылар мектебінің жетекшісі Алия Сарсекеева Қазақстандағы Computational Social Science (есептеу әлеуметтік ғылымдары) бағытындағы зерттеулердің дамуы туралы баяндама жасады. Ол цифрландыру, деректер көлемінің артуы және evidence-based policy (дәлелге негізделген саясат) талаптары жаңа зерттеу экожүйесін қалыптастырып отырғанын атап өтті. Бұл жүйеде дәстүрлі сауалнамалар әкімшілік деректермен, цифрлық іздермен, мәтіндік массивтермен, геодеректермен және машиналық оқыту әдістерімен толықтырылады.
Спикердің айтуынша, Computational Social Science классикалық әлеуметтануды алмастырмайды, керісінше оның құралдық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Перспективті бағыттар ретінде әлеуметтік желілік талдау, табиғи тілді өңдеу, машиналық оқыту, агенттік моделдеу және квазиэксперименттік әдістер аталды. Сондай-ақ еңбек нарығы, білім беру, қоғамдық денсаулық және мәдениет салаларындағы зерттеу кейстері ұсынылды.
«Кселл» АҚ Big Data бағытының жетекшісі Константин Старков әлеуметтік зерттеулерде мобильді оператор деректерін пайдалану мүмкіндіктері туралы баяндады. Оның айтуынша, телеком-операторлар респонденттермен байланыс арнасы ретінде де, анонимдендірілген талдамалық деректер көзі ретінде де пайдалы бола алады.
Мұндай деректер неғұрлым дәл іріктемелер қалыптастыруға, аудиторияны кеңінен қамтуға, сондай-ақ халықтың мобильділік модельдерін анонимді түрде талдауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қалалық ортаны зерттеу, азаматтардың инфрақұрылымдық өзгерістерге реакциясын бағалау және күнделікті мінез-құлық динамикасын талдау кезінде маңызды.
Сессияға қатысушылар XXI ғасырдағы қазақстандық әлеуметтанудың дамуы классикалық әдістерді, цифрлық технологияларды, үлкен деректерді және қолданбалы аналитиканы біріктіретін гибридті зерттеу модельдеріне көшуімен байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар зерттеулердің әдіснамалық қатаңдығын, этикалық стандарттарын сақтау және олардың қоғам, мемлекет пен бизнес үшін практикалық маңызға бағдарлануы негізгі шарт болып қала беретінін ерекше көрсетті.











