Жанар Накипбаева,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы
2019 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында алғаш рет «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жария етіп, ашық диалогқа, жедел кері байланысқа және қоғамдық сұраныстарды ескеруге негізделген мемлекет пен қоғам өзара іс-қимылының стратегиялық бағытын айқындады. Президент: «Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектеріне жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру», – деп атап өтті.
Әлеуметтану тұрғысынан алғанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен азаматтар арасындағы кері байланыс тетігі ғана емес, сонымен қатар қоғамдық көңіл күйді қалыптастырудың маңызды факторы болып табылады. Халық өз сұраныстарының институционалдық жауап тауып отырғанын көрген кезде қоғам мен мемлекет арасындағы әлеуметтік қашықтық қысқарып, билік институттарына деген сенім нығаяды және елдің даму бағытына оң көзқарас күшейеді. Осы тұрғыда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» әлеуметтік шиеленісті төмендетуге, тұрақтылық сезімі мен әлеуметтік оптимизмнің қалыптасуына ықпал етеді, ал сенім күнделікті қоғамдық тәжірибенің бір бөлігіне айналады.
ҚСЗИ-дің 2026 жылғы мамырдағы зерттеу[1], нәтижелеріне сәйкес, «мемлекет өз азаматтарын естиді» деген пікірді респонденттердің 69,9%-ы қолдайды («мемлекет азаматтарды «естиді» және олардың мәселелерін шешеді» – 28,4% және «иә деуге болады, мемлекет азаматтарға «құлақ асады» – 41,5% жауаптарының жиынтығы).

ҚСЗИ зерттеуі сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына берілген оң бағаның ел дамуының жалпы бағытына деген ниеттестіктің неғұрлым жоғары деңгейімен, сондай-ақ Президентке және облыс/қала әкіміне деген сенімнің жоғары деңгейімен байланысты екенін көрсетеді. Яғни:
1. Мемлекет пен халық арасындағы сындарлы байланыс ел бағытына деген сенімді қалыптастырады. Мәселен, мемлекет азаматтарды «естиді және мәселелерін шешеді» деп санайтындардың ішінде 70,4%-ы елдің нақты дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айтады. 28,4%-ы – ел көбіне дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.
Мемлекет азаматтарға көбіне «құлақ асады» деп санайтындардың ішінде 25,8%-ы ел бағытын нақты дұрыс деп бағаласа, 70,1%-ы – көбіне дұрыс деп санайды.
2. Кері байланыс Президентке және жергілікті билік органдарына деген сенімді де күшейтеді. Мемлекетті «халық үніне құлақ асатын» деп санайтын топта респонденттердің 93,5%-ы Президентке, ал 87,5%-ы өз өңірінің немесе қаласының әкіміне сенім білдіреді.
Осылайша, зерттеу нәтижелері азаматтардың мемлекеттің қоғам сұраныстарына ашықтығын қабылдауы, билік институттарына деген сенім деңгейі және елдің даму бағытына берілетін бағалар арасында өзара байланыс бар екенін көрсетеді. Анықталған үрдіс мемлекеттің азамат пікірін есту және ескеру қабілетін жоғары бағалау неғұрлым оң қоғамдық бағалармен және институционалдық сенімнің жоғары деңгейімен байланысты екенін көрсетеді. Алынған нәтижелер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сенімге, қатысуға және қоғамдық легитимділікке негізделген мемлекет пен қоғам өзара іс-қимылының тұрақты моделін қалыптастырудың маңызды факторы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
[1] Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Іріктемелік жиынтық көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.


