Гүлмира Туканова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы
Парадигманың өзгеруі
Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлықтың қабылдануы, бір жағынан, елдің қоғамдық-саяси даму парадигмасын жедел экономикалық нәтижелерге қол жеткізуден мемлекеттік басқару, мәдениет және білім беру салаларындағы сапалы өзгерістерге бағыттау талпынысын көрсетеді. Екінші жағынан, бұл соңғы жылдары қалыптасқан қоғамдық сұраныс пен әлеуметтік үрдістерге берілген жауап болып табылады:
- эмоцияларға негізделген маркетинг, жалған ақпарат пен өшпенділік тілінің кең таралуы жағдайында сыни ойлау дағдыларын қалыптастыруға;
- үздіксіз ақпарат ағынында мағына мен өзіндік болмысты іздеуге;
- кітаптар мен ұлттық мәдениетті жаңғырту арқылы білім мен мәдениетті ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге;
- жасанды интеллект жүйелері дайын жауаптар ұсынатын жағдайда жүйелі ағартушылық пен дербес ойлауды дамытуға.
Оқу – сыни және дербес ойлау дағдыларын қалыптастыратын жалғыз құрал болмаса да, негізгі тетіктердің бірі. Ол сан алуан білімге, мәдениеттер мен дәуірлерге жол ашып, сындарлы пікірталас пен ой алмасуға мүмкіндік береді.
Оқу инфрақұрылымы және оқу мәдениетінің алуан түрлілігі
Президент Жарлығында оқу мәдениетін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде оқу инфрақұрылымын қалыптастыру және жаңғырту белгіленген. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 3912 көпшілікке қолжетімді кітапхана жұмыс істейді. Соңғы 25 жылда олардың саны 21,5%-ға артқанымен, 1995 жылғы деңгейге әлі жеткен жоқ. Ол кезде кітапханалар саны 7 мыңнан асқан болатын. Кітапханаларға келушілер саны да артып келеді: 2025 жылы 55 миллион рет келу тіркелген. Өңірлер бөлінісінде ең көп келуші саны Алматы қаласының (5,4 млн), Солтүстік Қазақстан (4,7 млн), Түркістан (4,2 млн) және Ақмола (3,7 млн) облыстарының кітапханаларында байқалды.
Оқу инфрақұрылымы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктердің жаңа форматтарын дамытуды көздейді. Мысалы, көпфункционалды мәдени орталықтардың инфрақұрылымын дамыту маңызды. Ақмола облысының Қосшы қаласында қолжетімді кітапханасы, білім алуға, шығармашылықпен айналысуға, демалыс пен спортқа арналған кеңістіктері бар көпфункционалды комьюнити-орталық жұмыс істейді.
Сонымен қатар «ашық кітап сөрелері» тәжірибесін дамытуға болады. Ол үшін скверлерде, саябақтарда, балалар алаңдарында және тұрғын үйлер аулаларында кітап алмасуға арналған сөрелер орнатуға болады.
Баспа мерзімді басылымдарының дамуы газет дүңгіршектерінің қайта жандануына, сонымен бірге цифрлық ақпарат тасқынының орнына ой елегінен өткізіп оқуға негізделген дәстүрлі жаңалық оқу мәдениетінің қайта өркендеуіне серпін беруі мүмкін. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы жағдай бойынша газеттерге жазылған жеке тұлғалар саны 360,6 мың, заңды тұлғалар саны 7,7 мыңды құрайды. Республика өңірлері мен ірі қалаларында баспа БАҚ өнімдері 400 газет дүңгіршігі, супермаркеттер мен ірі дүкендердегі жеке сауда нүктелері, сондай-ақ 2645 қалалық және аудандық пошта бөлімшесі арқылы таратылады.
Жоспарланып отырған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы мен болашақтағы «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заңда кітап басып шығару саласын дамытуға бағытталған шаралар қамтылуы қажет. Amanat партиясының Қоғамдық саясат институты жариялаған деректерге сәйкес, Қазақстанда әрбір 100 адамға шаққанда небәрі 6 басылымнан келеді. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда 8 есе аз (1990 жылы – 100 адамға 50 кітап)[1].
Grassroot-бастамалар кезеңі
Болашақтағы «Зерделі ұлт» тұжырымдамасында кітап оқуды насихаттайтын түрлі қоғамдық бастамаларды қолдау мен олардың тәжірибесін кеңінен таратуға ерекше орын берілуі тиіс. Президент Жарлығы қоғамдық жобалардың одан әрі көбеюіне негіз қалайды.
Мысалы, бүгінде буккроссинг немесе кітап алмасу қозғалысы қарқынды дамып келеді. Оның әртүрлі форматтары бар: адамдар өз кітаптарын әкеліп, басқа кітаптарды ала алатын бір реттік жәрмеңкелер; қоғамдық орындардағы кітап сөрелері; онлайн-буккроссинг және басқа да үлгілер.
Кітап оқуды дамытудың тағы бір қоғамдық формасы – кітап клубтары. Бұл адамдарды түрлі кітаптарға деген қызығушылық төңірегінде біріктіретін ортақ оқу және талқылау мәдениеті. Мұндай клубтарда өзін-өзі дамыту мен танымал психология кітаптарынан бастап күрделі көркем әдеби шығармаларға дейін талқыланады. Сонымен қатар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітап клубтары да кеңінен дамып келеді.
[1] «AMANAT» партиясының қоғамдық саясат институты:: https://qsi-zertteu.kz/


