Skip to content
Басты бет » Скроллинг дәуіріндегі кітап оқу: жаңа мәдениет қалыптасып жатыр ма?

Скроллинг дәуіріндегі кітап оқу: жаңа мәдениет қалыптасып жатыр ма?

Айгерім Абдрашитова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы

Әлемнің көптеген сарапшылары кітапқа деген қызығушылықтың төмендеп бара жатқанын айтып жүр. Мысалы, Ұлыбританиядағы National Literacy Trust ұйымының деректеріне сәйкес, 2025 жылы 8–18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің тек 32,7%-ы ғана бос уақытында кітап оқуды ұнататынын айтқан, ал күн сайын кітап оқитындардың үлесі небәрі 18,7%-ды құраған. Бұл соңғы 20 жылдағы ең төмен көрсеткіш.

Қазақстанда да жағдай елеулі сын-қатердің бар екенін көрсетеді. Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысынан астамы (51,2%) соңғы бір жыл ішінде бірде-бір кітап оқымаған, ал 29%-ы небәрі 1-ден 3 кітапқа дейін оқыған. Респонденттердің тек 19,2%-ы ғана тұрақты түрде кітап оқиды (жылына 4 және одан да көп кітап).

Алайда бұл деректер оқудың қоғам өмірінен жоғалып бара жатқанын білдірмейді. Керісінше, оқу мәдениетінің өзі өзгеріп жатыр. Егер бұрын кітап көбіне білім беру үдерісінің бір бөлігі немесе ақпарат көзі ретінде қабылданса, бүгінде ол барған сайын өмір салтының элементіне, мәдени тәжірибеге және өзін-өзі айқындау құралына айналып келеді. Шын мәнінде, кітап адам өмірінде әрдайым осындай рөл атқарған. Бірақ белгілі бір кезеңде оқу екінші қатарға ысырылып қалды. Қазір ол өз уақытын, ойлау жүйесін және қарым-қатынас ортасын қалыптастырудың тәсілі ретінде қайта оралып жатыр.

Бұл әсіресе күнделікті өмір мен әлеуметтік желілерден айқын байқалады. Кітаптардың айналасында кітап клубтары, оқырман кездесулері, тақырыптық кафелер, Telegram-арналар, блогтар және арнайы кітап платформалары түріндегі жаңа қауымдастықтар қалыптасуда. Адамдар кітапты тек жеке оқып қана қоймай, бірге оқи бастады. Олар кітаптарды талқылайды, кейіпкерлерге жан-жақты талдау жасайды, бір-біріне авторларды ұсынады және осылайша оқу төңірегінде белгілі бір орта қалыптастырады. Сонымен қатар бұрыннан бар кітаптар, фильмдер немесе ойындар негізінде оқырмандар мен жанкүйерлер жазатын әуесқой шығармалар да жеке жанр ретінде дамып келеді.

HarperCollins зерттеуі әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге жаңа кітаптарды танып-білуге көмектесетінін көрсетеді. Мәселен, 14–17 жас аралығындағы жасөспірімдердің арасында кітаптар туралы BookTok онлайн-қоғамдастығы арқылы білетіндердің үлесі 2024 жылғы 23%-дан 2025 жылы 27%-ға дейін өскен. Ал YouTube арқылы кітаптар туралы білетін 11–17 жас аралығындағы жастардың үлесі 25%-дан 30%-ға дейін артқан. Басқаша айтқанда, бүгінде оқу тек жеке әдет емес, сонымен қатар белгілі бір қауымдастыққа тиесілі болудың бір түріне айналып отыр.

Осыған сүйене отырып, қазіргі оқу мәдениеті тек жоғарыдан – мемлекеттік бағдарламалар мен білім беру бастамалары арқылы ғана емес, төменнен – қоғамның өз ішінен де дамып келеді деуге болады.

Бұл тағы қандай өзгерістерден көрінеді?

Біріншіден, оқу белгілі бір деңгейде «сән-салтанатқа» айналып барады. Ақпараттың шексіз ағыны, үздіксіз хабарламалар мен тоқтаусыз скроллинг жағдайында адамға зейінін ұзақ уақыт сақтап қалу барған сайын қиындауда. Ал кітап уақыт пен назарды талап етеді. Сондықтан ұзақ мәтінді оқи алу қабілеті бүгінде жеке дағды ретінде қарастырылады. Мұнда мәселе тек ақпаратқа қол жеткізуде емес, қысқа контент ағынынан шығып, мәтінмен тереңірек жұмыс істеуді таңдауда. Осы тұрғыдан алғанда, ерте жастан бастап кітап оқуға дағдыландырудың маңызы ерекше.

Екіншіден, оқу форматына деген көзқарас өзгеріп келеді. Соңғы жылдары электронды кітаптар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мысалы, мен өзім он жылдан астам уақыт бойы электронды кітаптарды таңдап келемін, өйткені олар ыңғайлы, ықшам әрі әрдайым қолжетімді. Қазіргі таңда қажетті кітапты сатып алуға немесе тегін жүктеп алуға мүмкіндік беретін көптеген қосымшалар мен электронды кітапханалар бар. Мұндай формат маңызды, өйткені цифрлық кітапхана адамның орналасқан жеріне, уақытына немесе кітап дүкендерінің қолжетімділігіне қарамастан кітап оқуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар уақыт өте келе қағаз кітаптардың құндылығын барған сайын тереңірек түсіне бастадым. Үй кітапханасы жай ғана кітаптар жиынтығы емес, адамның жеке тарихы мен интеллектуалдық ортасының бір бөлігіне айналады. Қазақстанда да бұл үрдіс байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдары жастар арасында қағаз кітаптарға, кітап оқу дағдыларына және үй кітапханаларына деген қызығушылықтың қайта артып келе жатқанын көрсетуде. Мұны кітап дүкендері мен кітапханалардағы кітап ассортиментінің кеңеюінен де, кітап фестивальдерінің қызығушылық тудыруынан да көруге болады.

Үшіншіден, қағаз кітап сатып алу кітап индустриясын қолдаудың бір түріне айналып отыр. Әрбір кітаптың артында автордың, аудармашының, редактордың, корректордың, дизайнердің, баспахананың және көптеген басқа мамандардың еңбегі жатыр. Сондықтан оқу мәдениетін дамыту тек жеке тұлғаның өзін-өзі жетілдіруімен ғана емес, тұтас мәдени экожүйені қолдаумен де байланысты.

Қорытындылай келе, қазіргі қоғам оқу үдерісінен бас тартып жатқан жоқ, керісінше оның күнделікті өмірдегі рөлін қайта пайымдау кезеңінен өтуде деуге болады. Елімізде Ұлттық кітап күні белгіленді, сондай-ақ оқырман ұлт қалыптастыруға, кітапханаларды дамытуға, қазақ әдебиетін насихаттауға және жалпы кітапқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған оқу мәдениетін қолдаудың кешенді шаралары қабылданды. Мұның барлығы мәдени тұрғыдан ғана емес, стратегиялық тұрғыдан да маңызды. Өйткені оқу мәдениетінің дамуы адами капиталдың сапасымен, сыни ойлау деңгейімен, зейін қою қабілетімен және үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істей алу мүмкіндігімен тікелей байланысты. Цифрлық дәуір жағдайында кітап біртіндеп қайтадан тек білім көзі ғана емес, қоғамның интеллектуалдық және әлеуметтік әлеуетін қалыптастыру құралына айналып келеді.