Мемлекеттік қызметші күні 2013 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Жарлығымен бекітілді.
Азаматтар көбіне мемлекеттің жұмысына стратегиялар мен тұжырымдамалар арқылы емес, олардың өтінішіне қаншалықты жылдам жауап берілгеніне, рәсімдердің қаншалықты түсінікті түсіндірілгеніне немесе мәселесінің қаншалықты тиімді шешілгеніне қарап баға береді. Осындай әр істің артында нақты адам – әкімшілік маманы, министрлік қызметкері немесе инспектор тұрады.
Қазіргі ғылым бұл мамандық туралы не дейді? Соңғы онжылдықтағы халықаралық зерттеулердің негізгі қорытындыларының бірі – мемлекеттік аппараттың тиімділігі тек заңдармен, регламенттермен және цифрлық платформалармен ғана емес, сонымен қатар әрбір қызметкердің мотивациясымен де айқындалады. Ғылыми әдебиетте «мемлекеттік қызметке мотивация» деген термин бар. Бұл өз жұмысын қоғамдық игілікке қосқан үлес ретінде қабылдайтын қызметкерлердің жұмысқа жоғары деңгейде тартылатынын, жауапкершілігі мен ұйымға адалдығының күштірек болатынын білдіреді.
Яғни, ең алдымен адамның өз еңбегінен көретін мәні маңызды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы баяндамасына сәйкес, мемлекеттер бір мезгілде демографиялық, цифрлық және басқа да сын-қатерлерге тап болып отыр. Осындай жағдайда мемлекеттік қызметтегі адамның рөлі – түсіндіре білу, тыңдай алу және істі нәтижеге дейін жеткізу қабілеті – қосалқы емес, негізгі факторға айналады.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының 2026 жылғы мамыр айындағы зерттеу нәтижелеріне сәйкес[1], респонденттердің 69,9%-ы «мемлекет өз азаматтарын естиді» деп санайды («мемлекет азаматтарды тыңдап, олардың мәселелерін шешеді» – 28,4% және «иә, мемлекет азаматтардың пікіріне құлақ асады» – 41,5% жауаптарының жиынтығы).
Оң бағалардың басым болуы ашықтық пен қоғаммен кері байланыстың біртіндеп формалды талаптан мемлекеттік органдар жұмысының қалыпты нормасына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктерді кеңейту реформалардың құрылымдық өзгерістерінің өзінен де кем емес маңызды міндет. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай жұмыс атқарды. 2024 жылы Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға тереңдетілген цифрландыруды, кадрларды іріктеу мен кәсіби өсуді жетілдіруді, басқарудың сервистік моделін нығайтуды көздейтін түзетулер енгізілді. Алайда, алда атқарылар жұмыс әлі де көп.
Бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі деректеріне сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік органдарында 90 мыңнан астам адам еңбек етеді (2025 жылы штат саны 91 555 адамды құрады). Олар орталық министрліктер қызметкерлерінен бастап аудандық әкімдіктердің мамандарына дейінгі түрлі буын өкілдері.
Олардың міндеттері мен жауапкершілік деңгейі әртүрлі болғанымен, барлығын қоғамға пайда келтіруге деген ортақ ұмтылыс біріктіреді.
Цифрлық технологиялар мен жаңа нормативтік актілер үдерістерді жеңілдете алады, алайда ең басты нәрсені – азаматтардың мүддесіне шынайы бағдарлануды алмастыра алмайды. Дәл осы қасиет тиімді мемлекеттің басты ресурсы болып қала береді.
Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Гүльназ Касимова
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы
[1] Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Іріктеме көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.


